Date of publication: 11.10.2017 15:32
Date of changing: 11.10.2017 16:28

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

Қазақстан-Қытай шекарасында өткізу пункттерінің инфрақұрылымын жаңарту ісі жүргізіліп жатыр

Көлік-логистика инфрақұрылымының дамуы арқасында Қазақстан -халықаралық сауда дәлізінің басты ойыншысына айналуда. Оны ары қарай жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы шекарасында кеден бекеттерінің физикалық инфрақұрылымын мемлекеттік-жеке серіктестік қағидатында жаңарту ісі жалғасып келеді.

10 қазан күні Қазақстан-Қытай шекарасында «Қалжат» заманауи кеден-логистикалық орталығының ресми ашылуы өтті. Бұл орталық тауар айналымы көлемінің ұлғаюына және республиканың көліктік-транзиттік әлеуетінің артуына септігін тигізеді.

 

 

 

Сондай-ақ, кеденде атап өткендей, шекарада көлік-логистика инфрақұрылымының салынуы жүктердің экспорттық-импорттық тасымалдануының артуына жағдай жасап, ашықтық деңгейін көтеруге, шекара маңындағы сауда мен кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Осыған қоса, «кеден орталықтарының жаңартылуы бүкіл Кедендік одақтың (КО) транзиттік әлеуетін кеден маңында инфрақұрылым салу арқылы жетілдіруді талап етеді, бұл инфрақұрылымды пайдалана отырып жүктің Оңтүстік-Шығыс Азиядан КО территориясына, сол сияқты Батыс Еуропаға тасымалдануын арзандатуға әрі тездетуге болады», - деді Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев.

«Орталық жұмысы бір терезе негізінде құрылған, барлық қызметтер жедел түрде көрсетіледі, кәсіпкерлер мен сыртқы экономикалық қызметтің қатысушылары үшін жағдайлар жасалған. Жаңа ақпараттық жүйе кәсіпкерлер уақытын айтарлықтай үнемдейтін болады және де олар жүктердің  сұрыпталуына, сақталуына әрі таңбалануына қатысты қызметтердің кең ауқымына қол жеткізіп қана қоймай, қызмет алу кезінде жайлы жұмыс істеу үшін ғаламторы бар бизнес-румде және басқа да жағдайлар жасалған демалыс бөлмесінде бола тұруға мүмкіндік алады», - деп атап өтті "EurotransitLogistic" ЖШС директоры Ерлан Диханбаев.

Көлік-логистика орталықтарының (КЛО) бүтіндей бір кешені құрылысының аяқталуы шекарадағы логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін толық шешуге жол ашады. Тауар және көлік ағынын өңдеуге, сондай-ақ жүктерді кедендік өңдеуден өткізуге қатысты қызметтердің кең аясын қамтамасыз етіп отырған «Қалжат», «Бахты», «Достық», «Хоргос», «Алтынкөл» және «Майқапшағай» пункттері Қазақстанды халықаралық ғаламдық көлік-логистика жүйесімен біріктіруге мүмкіндік береді. Болашақта Қазақстанда шекара маңындағы көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту ісі Еуразияның ең ірі логистика жүйесін құруға алып келеді.

Жоба ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен "EurotransitLogistic" ЖШС мемлекеттік-жеке серіктестігі негізінде жүзеге асуда.

 

 

ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)