Date of publication: 09.11.2018 17:37
Date of changing: 09.11.2018 17:38

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

 

ӘКІМШІ ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА ҚҰҚЫҒЫ БАР ТҰЛҒАЛАРДЫ БІРЫҢҒАЙ ТІЗІЛІМНЕН АЛЫП ТАСТАУ ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің оңалту және банкроттық рәсімдерінің жүргізілуіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады.

Сондай-ақ Комитет әкімші (уақытша әкімші, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылар) қызметін жүзеге асыруға құқығы бар тұлғаларға, яғни оңалту және банкроттық рәсімдерін жүргізетін тұлғаларға есеп жүргізеді.

Әкімшілерге есеп жүргізу әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар тұлғалар хабарламаларының бірыңғай тізілімін (Бірыңғай тізілім) жүргізу жолымен жүзеге асырылады (https://kgd.gov.kz/ru/content/edinyy-reestr-lic-zaregistrirovannyh-v-upolnomochennom-organe-v-celyah-osushchestvleniya-1-4 ).

«Оңалту және банкроттық туралы»Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 8-тармағы 7), 8)-тармақшаларының талаптарына сәйкес әкімшіге қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген немесе экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарылған жағдайда бұл тұлға әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар тұлға ретінде Бірыңғай тізілімнен алып тасталуға жатады.

Осылайша, жүргізілген бақылау барысында Бірыңғай тізілімге енгізілген әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар 11 тұлға бойынша заңды күшіне енген айыптау үкімі, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қылмыстық қуғындау органдарының қаулысы бар екені анықталды.

Аталған тұлғалар, қызметтік бабын пайдалана отырып, яғни оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы ретінде тағайындалуына байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасады.

Мысалға алсақ, Астана қаласы Алматы ауданы № 2 сотының үкімімен әкімші К. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 177 (алаяқтық), 312-баптарымен (пара беру) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен 6 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жазаны тағайындаумен кінәлі деп танылды.

Үкімде әкімші К. жеке кәсіпкер-банкроттың банроттықты басқарушысы болып тағайындалғандығы көрсетілген.

Қызметтік бабын пайдалана отырып, әкімші К. жеке кәсіпкер-банкроттан банкроттық рәсімін тез арада аяқтау, сондай-ақ жеке кәсіпкерді субсидиарлық (материалдық) жауаптылыққа тарту бойынша сотқа талап арызды жолдау бойынша шара қолданбау және әдейі банкроттық үшін қылмыстық істі қозғамау үшін 1 млн. теңге көлемінде ақшалай қаражатты талап етті. 

Бұдан басқа жағдайда, Өскемен қаласы № 2 сотының үкімімен әкімші С. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабымен (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету) көзделген қылмысты жасғаны үшін кәсіпкерлік ұйымдарда жауапты қызмет орнын алу құқығынан айырумен 7 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындаумен кінәлі деп танылды.

Үкімде әкімші С. «Н» ЖШС тарату үшін банкроттықты басқарушысы болып тағайындалғаны көрсетілген.

Әкімші С. банкроттықты басқарушы ретінде өз қызметін жүзеге асыру барысында 74 млн. теңге сомасында ақшалай қаражатты заңсыз иеленіп, ысырап етті, сол әрекеттермен банкроттың кредиторлары мен кәсіпорынның иелеріне залал келтірді. 

Жоғарыда көрсетілген фактілерге байланысты, 2018 жылғы 8 қазанда 11 әкімші, оларға қатысты соттың айыптау үкімі, сондай-ақ экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулысы бар болуы себебімен, әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлға ретінде Бірыңғай тізілімнен алып тасталынды.

Егер сіз заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің оңалту және банкроттық рәсімдерін жүргізуді жүзеге асыратын әкімшілер жағынан заңсыз әрекет жасаудың куәгері болсаңыз, бұл фактілерді Комитетке, аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына немесе құқық қорғау органдарына хабарлауыңызды сұраймыз.

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)