Date of publication: 16.02.2015 17:48
Date of changing: 20.07.2015 11:29

Экспортқа салынатын рента салығы

301-бап. Салық салу объектiсi

Экспортқа өткiзiлетiн шикi мұнайдың, газ конденсатының, көмірдің көлемi экспортқа рента салығын салу объектiсi болып табылады.

304-бап. Салық кезеңi

Күнтiзбелiк тоқсан экспортқа рента салығы бойынша салық кезеңi болып табылады.

ТҮСІНІКТЕМЕ

 

1. Салық кодексінің 301 және 304-баптарында экспортқа өткiзiлетiн шикi мұнайдың, газ конденсатының, көмірдің көлемi экспортқа рента салығын салу объектiсi болып табылады деп белгіленген. Бұл ретте күнтiзбелiк тоқсан экспортқа рента салығы бойынша салық кезеңi болып табылады.

2. Бапты қолданған кезде тиісті жылдардағы Кеден одағының  кеден заңнамасын және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын басшылыққа алу қажет.

3. «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 316-бабының 1-тармағында Кеден одағының тауарлары Кеден одағының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетілетін және одан тысқары жерлерде тұрақты болуға арналған кездегі кедендік рәсім экспорт болып табылады деп белгіленген.

2008 жыл 25 қаңтардағы Кеден одағында тауарлардың, жұмыстарды орындаудың, қызмет көрсетулердің экспорты мен импорты кезінде жанама салықтарды алу қағидаттары туралы келісімнің 1-бабына сәйкес тауарлар экспорты - салық төлеушілердің (төлеушілердің), сататын тауарларды кеден одағына қатысушы бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына қатысушы екінші бір мемлекеттің аумағына әкетуі болып табылады.

«Экспорттық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 19) тармақшасына экспорт —  өнімді Қазақстан Республикасының аумағынан әкету.

Тиісінше, экспортқа салынатын рента салығын есептеу мақсаты үшін Кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес экспорттың кедендік рәсімінде жүзеге асырылатын тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету, сондай-ақ тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Кеден одағына мүше басқа мемлекеттің аумағына әкету экспорт деп түсініледі.

4. «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кеден кодексі) 294-бабының 1 және 3-тармақтарында тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен өткізілген, сондай-ақ оларға қатысты саны және (немесе) кедендік құны туралы дәл мәліметтерді ұсыну мүмкін болмайтын жағдайларда, тауарларға уақытша декларация беру арқылы уақытша кедендік декларациялауға жол беріледі деп белгіленген.

Тауарлар жеткізілімінен кейін декларант толық декларацияны беру уақытша кедендік декларацияда мәлімделген тауарлар жеткізілімі үшін көзделген уақыт кезеңі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей уақыттың мәлімделген кезеңінде жеткізілген тауарларға толық декларация беруге міндетті.

Осылайша, тауарларға толық декларация мұнайдың Кеден одағының шегінен тыс экспортталғанын растайтын құжат болып табылады.

5. Кеден кодексі 294-бабының 2-тармағында Кеден кодексінің 449-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы немесе оның шегінен тыс құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есептеу аспаптарын орнату орындары жөнелту немесе әкелу орындары болып табылады деп белгіленген.

Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 257 шешімімен бекітілген Тауарларға декларация толтыру тәртібі туралы нұсқаулықтың (бұдан әрі – Нұсқаулық) 15-тармағының 33) және 36) тармақшаларына сәйкес құбыржол көлігімен тасымалданатын тауарларды декларациялаған кезде «Нетто салмағы» деген 38-бағанда тауарға декларацияның 35-бағанында көрсетілген салмағы көрсетіледі. «Брутто салмағы» деген 35-бағанда тауардың «брутто» салмағы килограммен көрсетіледі, ол туралы мәліметтер тауарға декларацияның 31-бағанында көрсетіледі. Құбыржол көлігімен тасымалданатын тауарларды декларациялаған кезде тауардың жалпы салмағы көрсетіледі.

Осылайша, Кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес шикі мұнайдың, газ конденсатының тауарға толық декларацияның 35-бағанында көрсетілген, өндіріп алу кеден органдарына жүктелген кедендік баждардың, өзге де төлемдердің сомаларын есептеу не өзге де кедендік мақсаттар үшін пайдаланылатын көлемі экспортқа өткізілетін шикі мұнайдың, газ конденсатының көлемі болып табылады.

6. Кеден кодексі 294-бабының 2 және 3-тармақтарында Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкету кезінде кедендік операциялар жүргізілетін немесе тауарлар жөнелтілетін орыннан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келетін немесе әкелінетін орыннан мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес шығарылған тауарлар жеткізілімі жүзеге асырылатын уақыт кезеңі күнтізбелік айдан аспауға тиіс деп белгіленген.

Осылайша, тауарларға уақытша және толық декларацияларда көрсетілген, шикі мұнайды, газ конденсатын жеткізу жүзеге асырылған уақыт кезеңі экспорттың кедендік рәсіміне сәйкес экспортқа салынатын рента салығын төлеу бойынша тиісті салық кезеңіне жатады.

1-ЖАҒДАЙ         

"Экспорт" ЖШС шикі мұнайды Кеден одағының шегінен тыс, Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласына уақытша кедендік декларациялауды пайдалана отырып экспорттауды жүзеге асырды.

Тауарларға уақытша декларация 2013 жылғы желтоқсанда берілген, тауарларды жеткізу 2014 жылғы қаңтарда жүзеге асырылды (), 2014 жылғы қаңтарда жеткізілген шикі мұнай үшін тауарларға толық декларация 2014 жылғы наурызда берілген (жеткізу уақытының кезеңі - "қаңтар" тауарларға толық декларацияның 31-бағанында көрсетілген).

Бұл ретте тауарларға толық декларацияда көрсетілген мәліметтер бойынша «Брутто салмағы (кг)» деген 35-бағанда шикі мұнайдың брутто салмағы 80000 кг деп көрсетілген, «Нетто салмағы (кг)» деген 38-бағанда да осы көлем көрсетілген. Бұдан басқа, «Жүк орындары және тауарлардың сипаты» деген 31-бағанда 8-ші нөмірмен жеткізу шарттарына сәйкес сатып алушыға нақты берілген шикі мұнай көлемі жөніндегі мәліметтер 78000 кг көлемінде көрсетілген.

ТҰЖЫРЫМ

Тиісінше, экспортқа салынатын рента салығын есептеу мақсаттары үшін шикі мұнайдың тауарларға толық декларацияның 35-бағанында көрсетілген 80000 кг көлемі салық салу объектісі болып табылады. Бұл ретте шикі мұнайды жеткізу жүзеге асырылған кезең – 2014 жылғы қаңтар, яғни 2014 жылғы 1-тоқсан салық кезеңі болып табылады. 

7. Шикі мұнайдың, газ конденсатының экспортына салынатын рента салығын есептеу мақсатында өлшем бірліктерін баррельден метрлік тоннаға ауыстыру үшін мұнайдың әрбір тиісті партиясы бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы маршрут басындағы көліктік ұйымның мұнайды тапсыру және қабылдау пунктінің есепке алу аспабында ресімделген сапа паспортында көрсетілген баррелизация коэффициенттері қолданылады. Бұл ретте баррелизация коэффициенттері экспортталатын шикі мұнайдың, газ конденсатының техникалық реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен ұлттық стандартқа сәйкес өлшеудің стандартты жағдайларына келтірілген нақты тығыздығы мен температурасы ескеріле отырып белгіленеді.