Date of publication: 18.04.2019 16:02
Date of changing: 18.04.2019 17:23

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің

Мемлекеттік кірістер комитеті

 

Баспасөз релизі

 

«Бір белдеу - бір жол» салық әкімшіліктері ынтымақтастығының бірінші форумы

 

          Бүгін, 2019 жылдың 18 сәуірінде Учжэнь қаласында (Чжэцзян провинциясы, Қытай Халық Республикасы) Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік салық әкімшілігі ұйымдастырған «Бір белдеу - бір жол» бастамасы шеңберінде Салық әкімшіліктері ынтымақтастығының бірінші форумы салтанатты түрде ашылды.

          Бұл іс-шараға 50 елдің салық әкімшілігінен 300-ден астам делегат, 4 халықаралық және аймақтық ұйым, 6 ғылыми академия, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысады.

          Қазақстан Республикасының делегациясын ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев басқарады.

Конференцияға қатысушылар Кеңестің басшылар құрамын сайлады.

Кеңестің төрағасы болып Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік салық әкімшілігінің (ҚХР МСӘ) министрі Ван Цзюнь мырза, ал оның орынбасары болып Марат Сұлтанғазиев сайланды.

ҚХР МСӘ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ляо Тижон атқарушы хатшы, ал ҚР ҚМ МКК Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Ермек Қожабергенов оның орынбасары болып тағайындалды.

Марат Сұлтанғазиев Конференция қатысушыларының Қазақстан Республикасына деген сенімін жоғары бағалап, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін бар күшін салатындығына сендірді.

Форум делегаттары осы бастаманы жүзеге асырудың бастапқы нүктесі болатын Салықтық әкімшіліктендіру саласындағы ынтымақтастық механизмі туралы меморандумға қол қойды.

Конференция барысында тараптар 5 негізгі тақырып бойынша пікір алмасуды жоспарлап отыр, атап айтқанда: салық әкімшіліктерінің әлеуетін арттыру, заң үстемдігі, салықтық сенімділіктің деңгейін арттыру, салық заңнамасын жетілдіру және салық әкімшіліктерін цифрландыру.

Қатысушылар тәжірибені, білім мен ресурстарды экономиканың үздіксіз және тұрақты дамуын қамтамасыз ететін достық салықтық ортаны құруға бағыттауды көздейді.

Салық әкімшіліктері ынтымақтастығының форумы Конференциясының негізі - 2018 жылы Астанада қабылданған «Бір белдеу - бір жол» бастамасы шеңберінде Салықтық ынтымақтастық жөніндегі Конференцияға қатысушы юрисдикциялардың Астана декларациясы.  

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)