Date of publication: 20.06.2019 17:50
Date of changing: 21.06.2019 10:41

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

 

ТМД МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ КЕДЕН ҚЫЗМЕТТЕРІ БАСШЫЛАРЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАП, МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАДЫ

 

20 маусым 2019 ж.                                                                                                 Нұр-Сұлтан қ.

 

2019 жылғы 20 маусымда Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Кеден қызметтері басшылары кеңесінің 69-ыншы отырысы өтті. Оған Әзірбайжан, Армения, Беларусия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан кеден қызметтерінің және ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.

Отырыстың жұмысына алғаш рет Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев қатысты.

ТМД КҚБК алаңында оған кеден саясатының негізгі аспектілері бойынша ТМД қатысушы мемлекеттердің кеден қызметтерінің практикалық өзара іс-қимылын үйлестіру бойынша жүктелген міндеттері сәтті шешілуде. Өтіп жатқан отырыста бірқатар мәселелер талқыланды және шешімдер қабылданды.

 1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың күшіне енуі туралы шешімге қол қою негізгі мәселелердің біріне айналды. Жинақталған тәжірибені, жаңартылып жатқан кеден заңнамасын және Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуын есепке ала отырып, өзара іс-қимылдың қолданыстағы тәртібін қайта қарау қажеттігі туындады.

Сондай-ақ отырыс барысында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кеден органдарының көліктік (тасымалдау) және коммерциялық құжаттарда кеден органдарының мөрлері мен мөртабандарын қою тәртібі туралы келісім жобасы мақұлданды.

Теміржол көлігімен өткізілетін тауарларға кедендік бақылауды және кедендік операцияларды (кедендік ресімдеу) жүргізу кезінде ТМД қатысушы мемлекеттердің кеден органдары мен теміржол тасымалдаушыларының өзара іс-қимыл типтік технологиясы бекітілді.

Соңында тараптар ынтымақтастықтың стратегиялық маңызды мәселелерін талқылау және шешу үшін тұрақты кездесулерді осындай форматта өткізудің және тығыз өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

 

 ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің Баспасөз қызметі