Жарияланған күні: 16.02.2015 23:47
Өзгертілген күні: 15.07.2015 10:27

111-бап. Табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және оларды өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстар бойынша шегерімдер және жер қойнауын пайдаланушының басқа да шегерімдері

1-1. Төртінші бөлік. Осы баптың және осы Кодекстің 111-1-бабының мақсаттары үшін коммерциялық табудан кейінгі өндіру:

1) барлауға арналған, сондай-ақ қорлары бекітілмеген пайдалы қазбаларды бірлесіп барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар бойынша - Қазақстан Республикасының осы мақсаттар үшін уәкілеттік берілген мемлекеттік органы қорларды бекіткеннен кейін пайдалы қазбаларды өндірудің басталғанын;

2) қосымша геологиялық зерттеуді және геологиялық-экономикалық қайта бағалауды талап ететін қорларды қоса алғанда, пайдалы қазбалардың қорлары мемлекеттік баланста тіркелген және осы мақсаттар үшін уәкілеттік берілген мемлекеттік органның сараптамалық қорытындысымен расталған бірлесіп барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар бойынша - егер мұндай жұмыстар келісімшарттың жұмыс бағдарламасында көзделсе және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органмен келісілген болса, осы келісімшарттар жасалғаннан кейін пайдалы қазбаларды өндірудің басталғанын білдіреді.

 

ТҮСІНІКТЕМЕ

 

1. Салық кодексінің 111-бабы 2009 жылғы 1 қаңтардан бері қолданылады. 26.12.12ж. ҚР Заңымен бап жаңа редакцияда жазылды, ол 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

2. Салық кодексінің 111-бабында табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және оларды өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстар бойынша шегерімдер және жер қойнауын пайдаланушының коммерциялық табудан кейiн өндiру басталған кезге дейiн жүргізген басқа да шегерімдері белгіленеді.

3. 1-1-тармақта жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт түріне және пайдалы қазбалардың бекітілген қорларының болуына не болмауына байланысты коммерциялық табудан кейiн өндiру басталған кез айқындалған.

4. 1-1-тармақты қолданған кезде тиісті жылдары қолданыста болған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңын басшылыққа алу қажет.

5. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 121-бабының 2-тармағы бойынша өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығына ие жер қойнауын пайдаланушы өндіруді пайдалы қазбалардың қорына мемлекеттік сараптама жүргізілгеннен кейін ғана бастауға құқылы деп көзделген. Барланған пайдалы қазбалардың қорын игерудің рентабельділігі туралы мемлекеттік сараптаманың қорытындысы оларды мемлекеттік есепке қоюға негіз болып табылады. Осы баптың 5-тармағында жер қойнауына мемлекеттік сараптаманы Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы және пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі өңіраралық комиссиялар жүзеге асырады деп айқындалған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 ақпандағы № 87 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссиясы және пайдалы қазбалар қоры жөніндегі өңіраралық комиссиялар туралы ереженің 17-тармағында сараптаманың нәтижелері пайдалы қазба қорларын бекіту туралы деректер көрініс табатын хаттамамен ресімделеді деп белгіленген.

6. Пайдалы қазбалардың бекітілмеген қорлары бойынша барлауға, сондай-ақ бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар бойынша коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кез Қазақстан Республикасының осы мақсат үшін уәкілеттік берілген мемлекеттік органы  қорларды бекіткеннен кейін пайдалы қазбаларды өндірудің басталған кезін білдіреді. 

Мысалы, егер жер қойнауын пайдаланушы 2009 жылы пайдалы қазбалардың бекітілмеген қорлары бойынша барлауға келісімшарт жасаса, оның қызметінің шеңберінде уәкілетті мемлекеттік орган 2012 жылы пайдалы қазбалардың қорларын бекітсе және өндіру 2013 жылғы сәуірде басталса, 2013 жылғы сәуір коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кез болып табылады. 

7. Қорлары мемлекеттік баланста есепте тұрған және уәкілетті мемлекеттік органның сараптамалық қорытындысымен расталған пайдалы қазбалар бойынша бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар бойынша коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кез егер, мұндай өндіру келісімшарттың жұмыс бағдарламасында көзделген болса және жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісілген болса, осы келісімшарттар жасалғаннан кейін пайдалы қазбаларды өндіру басталған кезді білдіреді.

Мысалы, егер жер қойнауын пайдаланушы 2009 жылы қорлары мемлекеттік баланста есепте тұрған және уәкілетті мемлекеттік органның сараптамалық қорытындысымен расталған пайдалы қазбалар бойынша бірлескен барлауға және өндіруге келісімшарт жасаса және келісімшарттың уәкілетті органмен келісілген жұмыс бағдарламасының шеңберінде 2010 жылғы қаңтарда пайдалы қазбаларды өндіруді жүзеге асыра бастаса, 2010 жылғы қаңтар коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кез болып табылады.