Жарияланған күні: 16.02.2015 20:51
Өзгертілген күні: 15.07.2015 15:47

192-бап. Бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын табыстары

1. Табыстардың мынадай түрлері бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табыстары болып танылады:

...

26) бейрезидент жеке тұлғаның резидент жеке тұлғадан өтеусіз алынған мүлкін қоспағанда, өтеусіз алынған немесе мұраға қалдырылған мүлік, оның ішінде жұмыстар, қызметтер түріндегі табыстары.

Өтеусіз орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны осындай жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты жұмсалған шығыстар мөлшерінде айқындалады.

Өтеусіз орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді қоспағанда, өтеусіз алынған мүліктің құны мүлікті беру күнгі мұндай мүлікті берген тұлғаның бухгалтерлік есебінің деректері бойынша оның баланстық құнының мөлшерімен айқындалады.

Өтеусіз алынған мүліктің, сондай-ақ мұраға қалдырылған мүліктің құнын бухгалтерлік есеп деректерінен айқындау мүмкіндігі болмаған жағдайда, берілген немесе мұраға енгізілген күніне мұндай мүліктің құны мынадай тәсілдердің бірімен:

мұндай мүлік алынған күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарындағы жағдай бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген құн негізінде;

көрсетілген бағалы қағазды мұраға алған (енгізілген) күні қазақстандық немесе шетелдік қор биржасында саудаланатын бағалы қағаздың бағамдалуы негізінде белгіленеді.

Өтеусіз алынған немесе мұраға қалдырылған мүліктің құнын осы тармақшада белгіленген тәртіппен айқындау мүмкіндігі болмаған жағдайда, құн мүлікті бағалау туралы есептің негізінде айқындалады;

ТҮСІНІКТЕМЕ

1. Салық кодексінің 192-бабының 26) тармақшасы бейрезиденттің өтеусіз алынған немесе мұраға қалдырылған мүлік, оның ішінде өтеусіз алынған жұмыстар, қызметтер түріндегі табыстарды айқындау тәртібін белгілейді.

2. Бейрезидент жеке тұлғаның резидент жеке тұлғадан өтеусіз алынған мүлігі Қазақстан Республикасындағы көздерден табыс ретінде қаралмайды.

Бейрезиденттің өтеусіз алынған немесе мұраға қалдырылған мүлік түріндегі табысты айқындау кезінде Азаматтық кодекстің ережелерін ескеру қажет. Мәселен, Азаматтық кодекстің 115-бабына сәйкес мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар азаматтық құқық объектiлерi бола алады. Мүлiктiк игiлiктер мен құқықтарға (мүлiкке): заттар, ақша, соның iшiнде шетел валютасы, қаржы құралдары, жұмыс, қызмет, шығармашылық-интеллектуалдық қызметтiң объектiге айналған нәтижелерi, фирмалық атаулар, тауарлық белгiлер және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары мүлiктiк құқықтар мен басқа да мүлiк жатады.

Азаматтық кодекстің 117-бабына сәйкесақша мен бағалы қағаздарды қоса алғанда, жылжымайтын затқа жатпайтын мүлік жылжымалы мүлік деп танылады. Жылжымайтын мүлікке (жылжымайтын заттар) жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар, көпжылдық екпелер және жермен тығыз байланысты өзге мүлік, яғниорнынан олардың мақсатына сай емес шығынсыз ауыстыру мүмкін болмайтын объектілер жатады.Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» жүзу кемелері, ғарыш объектілері, магистральдық құбырлардың желілік бөлігі де жылжымайтын заттарға теңестіріледі.

3. Егер тұлға өтеусіз мүлікті бейрезидентке берген жағдайда, «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізуге міндетті, яғни:

өтеусіз орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны алғашқы бухгалтерлік құжаттардың негізінде осындай жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты жұмсалған шығыстар мөлшерінде айқындалады;

бейрезиденттің басқа өтеусіз алған мүліктің құны мұндай мүлікті беру күнгі мұндай мүлікті берген тұлғаның бухгалтерлік есебінің деректері бойынша оның баланстық құнының мөлшерімен айқындалады.

1-ЖАҒДАЙ

«А» ЖШС Ресей Федерациясының резиденті болып табылатын «В» ЖШҚ еншілес компаниясына тоңазытқыш жабдығын берді. Алу күніне жабдықтықтың құны 300 000 теңгені құрады, беру күнгі жабдықтың баланстық құны – 250 000 теңге.

ТҰЖЫРЫМ

Өтеусіз алынған тоңазытқыш жабдығы түріндегі табыс мұндай жабдықтың баланстық құны – 250 000 мөлшерінде бейрезидент «В» ЖШҚ-та туындайды. «В» ЖШҚ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты мекемесі жоқ бейрезидент болып табылатынын ескере отырып, мұндай жабдықты берген кезде «А» ЖШС-та Салық кодексінің 193-бабына сәйкес «В» ЖШҚ табысынан корпоративтік кіріс салығын төлеу көздерінен ұстау бойынша салық міндеттемесі туындайды.

Сонымен бірге «В» ЖШҚ компаниясы – Ресей резиденті, қолданыстағы ҚР мен РФ арасындағы қосарлы салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттың ережесін қолдануға құқылы.

 

2-ЖАҒДАЙ

«А» ЖШС Өзбекстанның резиденті болып табылатын «В» заңды тұлғасына заңды сипаттағы өтеусіз қызмет көрсетті. Бұл ретте «А» ЖШС бухгалтерлік есеп деректері бойынша мұндай қызмет көрсету жөніндегі шығыстар 500 000 теңгені құрады.

ТҰЖЫРЫМ

Өтеусіз алынған қызмет түріндегі табыс 500 000 теңге мөлшерінде «В» заңды тұлғасында туындайды. Бұл ретте «А» ЖШС-та Салық кодексінің 193-бабына сәйкес «В» заңды тұлғаның табысынан корпоративтік кіріс салығын төлеу көздерінен 20 пайыз ставкасын қолдана отырып ұстау бойынша салық міндеттемесі туындайды.

Сонымен бірге, «В» заңды тұлғасы – Өзбекстан резиденті, қолданыстағы ҚР мен Өзбекстан арасындағы қосарлы салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттың ережесін қолдануға құқылы.

4. Өтеусіз алынған мүліктің, сондай-ақ мұраға қалдырылған мүліктің құнын бухгалтерлік есеп деректерінен айқындау мүмкіндігі болмаған жағдайда, берілген немесе мұраға енгізілген күніне мұндай мүліктің құны мынадай тәсілдердің бірімен:

мұндай мүлік алынған күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарындағы жағдай бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген құн негізінде, яғни мүлікке арналған салықты есептеу үшін мемлекеттік орган белгілеген құнның негізінде;

көрсетілген бағалы қағазды мұраға алған (енгізілген) күні немесе мұраның күшіне ену күні қазақстандық немесе шетелдік қор биржасында саудаланатын бағалы қағаздың бағамдалуы негізінде белгіленеді.

Өтеусіз алынған немесе мұраға қалдырылған мүліктің құнын жоғарыда белгіленген тәртіппен айқындау мүмкіндігі болмаған жағдайда, құн тәуелсіз бағалаушы жасаған мүлікті бағалау туралы есептің негізінде айқындалады;

3-ЖАҒДАЙ

«А» жеке тұлғасы – Германия резиденті 2014 жылғы тамызда  мұраға Қарағанды қаласында орналасқан пәтерді алды. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мәліметтері бойынша 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мұндай пәтердің құны 5 000 000 теңгені құрайды.

ТҰЖЫРЫМ

Қазақстан аумағында мүлікті мұрагерлікке алған кезде Германия резидентінде 5 000 000 теңге мөлшерінде мұраға қалдырылған мүлік түрінде табыс туындайды.

Бұл ретте Салық кодексінің 204-бабына сәйкес бейрезидент жеке тұлғаның осы Салық кодексінiң ережелерiне сәйкес салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан Қазақстан Республикасындағы көздерден алған табыстарынан жеке табыс салығын есептеу салық шегерiмдерi жүзеге асырылмай, табыстың есептелген сомасына осы Кодекстiң 194-бабында белгiленген мөлшерлемені қолдану жолымен жүргiзiледi. Бұл ретте жеке табыс салығын төлеудi бейрезидент жеке тұлға салық кезеңi үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгі күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей дербес жүргiзедi.

Осылайша, «А» жеке тұлғасы мүлікті мұрагерлікке алған кезде салық органына 2015 жылғы 31 наурыздан кешіктірмейтін мерзімде жеке табыс салығы бойынша декларацияны дербес тапсыруға, алынған табысқа 20 пайыз ставкасын қолданумен табыс салығын есептеуге және жеке табыс салығын 2015 жылғы 10 сәуірден кешіктірмейтін мерзімде төлеуге міндетті.

Сонымен бірге, «А» жеке тұлғасы – Германия резиденті,  қолданыстағы ҚР мен ГФР арасындағы қосарлы салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттың ережесін қолдануға құқылы.