Жарияланған күні: 16.02.2015 14:45
Өзгертілген күні: 20.07.2015 11:21

557-бап. Салық құпиясы

1. Мына мәліметтерді:

1) жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) төлеген (аударған) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасы туралы;

2) салық төлеушіге есептелген салық сомасынан есепке жатқызылуға тиіс қосылған құн салығы сомасының асып кетуін бюджеттен қайтару сомасы туралы;

3) салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегінің сомасы туралы;

4) әрекетсіз салық төлеушілер және соттың заңды күшіне енген үкімінің не қаулысының негізінде жалған кәсіпорындар деп танылған салық төлеушілер туралы;

5) салық төлеушінің таратылуымен (қызметін тоқтатуымен) байланысты құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш беруі туралы;

6) жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеушіге (салық агентіне) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есепке жазылған сомасы туралы;

6-1) жеке тұлғаларға мүлік салығының, жер салығының, көлік құралдары салығының есепке жазылған сомасы туралы;

6-2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзған салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты қолданылған жауапкершілік шаралары туралы;

7) осы Кодекстің 197-бабына сәйкес қызметін тұрақты мекеме, филиал, өкілдік арқылы немесе тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын бейрезидент салық төлеуші ретінде тіркеудің бар (жоқ) екендігі туралы;

8) салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) мынадай тiркеу деректерi:

сәйкестендiру нөмiрi;

жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының тегi, аты, әкесiнiң аты (бар болған жағдайда);

дара кәсiпкердiң, заңды тұлғаның атауы;

салық төлеушiнi (салық агентiн) тiркеу есебiне қою күнi, тiркеу есебiнен шығару күнi, тiркеу есебiнен шығару себебi;

қызметтi тоқтата тұрудың басталған және аяқталған күнi;

салық төлеушiнiң резиденттiгi;

бақылау-касса машинасының салық органындағы тіркеу нөмірі;

бақылау-касса машинасын пайдалану орны туралы;

қолданылатын салық режимі туралы;

9) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды

10) салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) салық есептілігiн табыс етпеуi туралы;

11) Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес құпия ақпарат болып табылмайтын мәліметтерді қоспағанда, салық органы салық төлеуші (салық агенті) туралы алған кез келген мәліметтер салық құпиясы болып табылады.

2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық органдары салық төлеуші (салық агенті) туралы салық құпиясы болып табылатын мәліметтерді, басқа тұлғаға салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатынсыз бере алмайды.

3. Салық органдары салық төлеуші (салық агенті) туралы салық құпиясын құрайтын мәліметтерді салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатын алмастан мынадай жағдайларда:

1) осы Кодексте белгіленген тәртіппен салықтық құқық бұзушылықтар жасайтын адамдардың салық міндеттемесін, салық агентінің міндеттерін орындауы туралы сұрау салулар бойынша, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген құзыреті шегінде заң бойынша оларды қудалау мақсатында құқық қорғау органдарына;

2) осы Кодексте белгіленген тәртіппен салық төлеушінің салық міндеттемесін, салық агентінің салықтарды есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттерін айқындау немесе салықтық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық туралы істерді қарау барысында сотқа;

3) сот санкциясымен, ал заңды күшіне енген сот актілерінің негізінде жазылған атқару құжаттары бойынша соттың санкциясынсыз атқару құжаттарын орындау барысында оның Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген құзыреті шегінде сот орындаушысына береді.

Осындай мәліметтерді беру тәртібін атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп уәкілетті орган белгілейді;

4) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға береді.

Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган салық құпиясы болып табылатын мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды адамдардың тізбесін бекітеді;

5) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға береді.

Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган салық құпиясын құрайтын мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды адамдардың тізбесін бекітеді;

6) салық тексеруін жүргізуге маман ретінде тартылған тұлғаға;

7) Қазақстан Республикасы тараптардың бірі болып табылатын салық немесе құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға (келісімдерге), сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдармен жасасқан шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердің салық немесе құқық қорғау органдарына, халықаралық ұйымдарға береді;

8) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы бойынша салық есептілігін қамтитын мәліметтер бөлігінде;

9) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға береді.

Мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган салық құпиясын құрайтын мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды адамдардың тізбесін бекітеді. Ұсынылатын салық құпиясын құрайтын мәліметтердің тізбесін және оларды беру тәртібін мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп уәкілетті орган белгілейді;

10) оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті органға береді.

Оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті орган салық құпиясын құрайтын мәліметтерге қолжетімділігі бар лауазымды адамдардың тізбесін бекітеді.

11) мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті мәліметтер бөлігінде халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мемлекеттік органдарға береді.

Ұсынылатын салық құпиясын құрайтын мәліметтердің тізбесін және оларды ұсыну тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен және осы тармақшада көрсетілген мемлекеттік органдармен бірлесіп уәкілетті орган белгілейді;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасында салық құпиясын құрайтын салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер беру көзделген мемлекеттік органдарға және (немесе) тұлғаларға береді;

13) монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өкiлеттiктердi жүзеге асыру үшiн қажеттi мәлiметтер бөлiгiнде бередi.

Салық құпиясын құрайтын ұсынылатын мәліметтердің тізбесін және оларды ұсыну тәртібін монополияға қарсы органмен бірлесіп, уәкілетті орган белгілейді;

14) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу үшін қажетті мәліметтер бөлігінде береді.

Салық құпиясын құрайтын ұсынылатын мәліметтердің тізбесін және оларды ұсыну тәртібін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, уәкілетті орган белгілейді;

15) кеден ісі саласындағы уәкілетті органға береді.

Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган салық құпиясын құрайтын мәліметтерге қолжетімділігі бар лауазымды адамдардың тізбесін бекітеді;

16) республикалық бюджеттің атқарылуы және жергілікті бюджеттердің атқарылуына қызмет көрсету саласындағы уәкілетті органға береді.

Республикалық бюджеттің атқарылуы және жергілікті бюджеттердің атқарылуына қызмет көрсету саласындағы уәкілетті орган салық құпиясын құрайтын мәліметтерге қолжетімділігі бар лауазымды адамдардың тізбесін бекітеді.

4. Осы бапта белгіленген жағдайларды қоспағанда, салық органдарының лауазымды адамдары, сондай-ақ осы бапта белгіленген тәртіппен салық органдарынан салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтерді алған өзге мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары салық құпиясын жария етпеуге тиіс.

5. Салық органдарының лауазымды адамдары, салық органдарынан салық төлеуші (салық агенті) туралы салық құпиясы болып табылатын мәліметтерді алған өзге мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары, аталған органдарда жұмыс істеген кезеңде де, сондай-ақ өзі қызметтен босағаннан кейін де мұндай мәліметтерді жария етуге құқылы емес.

Салықтық тексеруді жүргізуге тартылған мамандар, салықтық тексеруді жүргізу кезінде өздерінің міндеттерін орындау кезінде де, сондай-ақ оларды орындауды аяқтағаннан кейін де салық құпиясын жария етпеуге тиіс.

6. Салық құпиясы болып табылатын мәліметтері бар құжаттарды жоғалту не осындай мәліметтерді жария ету Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

 

ТҮСІНІКТЕМЕ

Салық төлеушілер туралы мәліметтерді үздіксіз қажеттіліктерге байланысты салық қызметі органы қызметкерінің беру бөлігінде үшінші тұлғаларға салықтық құпияның сақталуының құқықтық қатынастарын салық заңнамасымен реттеу.

Сонымен, салық төлеуші (салық агенті) туралы салық қызметі органымен алынған кез келген мәлімет салықтық құпияны құрайды. Бұл ретте, заң шығарушы салықтық құпияға жатпайтын, онда салық заңнамасының нормаларын қорғау көзделмеген нақтыланған мәліметтердің тізбесін айқындады.

Сонымен бірге, түсіндіруші норма салық қызметі органдарының үшінші тұлғаларға салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді беруді жүзеге асырарда, олар айқындалған шарттардың және талаптардың сақталынуын көздейді.

Осындай талаптардың бірі, берілетін мәліметтерге қатысты салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша берген рұқсатының бар болуы болып табылады.

Бұдан тыс, салықтық құпияны құқық қорғау органдары тиісті сауал салуды жолдаған жағдайда алуға құқылы, атап айтқанда  құқық қорғау органдарының сауал салуында осындай органның құзыретінің шегінде және салық агентінің салықтық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасаған тұлғалардың белгіленген тәртіпте салық міндеттемесін, салық агентінің міндеттерін орындауы туралы мәліметтерді беруі туралы талаптары жазылып жолданылуы керек. Оған қоса осы норманың міндетті шарттары мәліметтер сұратылып отырғандар тұлғаларға қатысты заң бойынша қудалау мақсатында, көрсетілген сауал салуларды жолдау қажеттілігі болып табылады.

Салық қызметі органдары сотқа салық агентінің міндеттерін, салық міндеттемелерін айқындау туралы істі қарау барысында немесе салықтық құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға жауаптылығын  айқындау туралы істі қарау кезінде салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді береді.

Сот орындаушылары салық қызметі органдарына орындау құжаттарын орындау кезінде тек өз құзыреттерінің шегінде салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді алуға құқылы. Бұл ретте, заңды күшіне енбеген сот актілері бойынша орындау құжаттарын орындау кезінде, тиісті соттың рұқсаты болуы қажет. Сот орындаушылары заңды күшіне еңген сот актілері бойынша орындау құжаттарын орындау барысында салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді алуы үшін соттың рұқсатының болуы талап етілмейді.

Сондай-ақ салық қызметі органдары, егер бұл халықаралық ұйымдармен салық және құқық қорғау органдарымен арадағы өзара ынтымақтастық туралы салықтық және халықаралық шарттармен (келісімдермен) көзделген болса, халықаралық ұйымдарға, басқа мемлекеттің салық және құқық қорғау органдарына салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді береді. Көрсетілген шарттағы тараптардың бірі Қазақстан Республикасы болуы керек.

Осы бап сондай-ақ, салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді алуға уәкілетті өзге де органдарды көздейді.

Берілетін мәліметтердің тізбесі, сондай-ақ оларды беру тәртібі салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң түсуiн қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен бірлесіп немесе осындай жекелеген мемлекеттік органдармен басылып шығарылған жекелеген құқықтық актілермен айқындалады.

Салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді таратпау туралы талап, салық қызметі органдарымен бекітілген тәртіпте көрсетілген мәліметтерді алған лауазымды тұлғаларға таралады. Осы міндеттеме лауазымды тұлғаларға жұмыс кезеңіндегі сияқты, олардың жұмыстан босатылғаннан кейінде таратылмауын міндеттейді.

Түсіндірілген баптың талаптарын орындамау немесе салықтық құпияны құрайтын құжаттарды жоғалту заң актілерімен көзделінген жауаптылыққа әкеліп соғады.

557-бабында түсініктемесін форумда талқылаймыз