Жарияланған күні: 18.10.2016 11:35
Өзгертілген күні: 18.01.2017 11:41

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Кинологиялық орталығы туралы ереже

 

1.     Жалпы ережелер

 

1.  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Кинологиялық орталығы (бұдан әрі – Кинологиялық орталық) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (бұдан әрі – Комитет) маман-кинологтарды даярлау, мемлекеттік кірістер органдары үшін асыл тұқымды және түрлі тұқымдағы қызметтік иттерді өсіру және бағып жетілдіру, арнайы жаттықтыру жөніндегі арнайы білім беру бағдарламасын іске асыру жөніндегі функцияларды орындауға уәкілетті аумақтық (өңіраралық) органы болып табылады.

2.  Кинологиялық орталық өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы  Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3.  Кинологиялық орталық республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, қазақ тілінде өз атауымен мөрлері және мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық органдарында шоттары болады.

4.  Кинологиялық орталық өз атынан азаматтық-құқықтық қарым-қатынастарға түседі.

5.  Кинологиялық орталық, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған осы уәкілеттік берілсе, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қарым-қатынастар тарапы ретінде түсуге құқылы.

6.  Кинологиялық орталық өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Кинологиялық орталықтың актілерімен ресімделетін шешімдерді қабылдайды.

7.  Кинологиялық орталықтың құрылымын және штат санын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Жауапты хатшысы бекітеді.

8.       Кинологиялық орталықтың заңды мекенжайы: пошта индексі 050030, Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Түріксіб ауданы, Красногорск көшесі, 53.

9.       Кинологиялық орталықтың толық атауы – «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің  Кинологиялық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі.

10.  Осы Ереже Кинологиялық орталықтың құрылтай құжаты болып табылады.

11.  Кинологиялық орталықтың қызметін қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

12.  Кинологиялық орталыққа кәсіпкерлік субъектілерімен Кинологиялық орталықтың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәніне шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

13.  Егер Кинологиялық орталыққа заңнамалық актілермен табыс әкелетін  қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған табыс республикалық бюджеттің кірісіне аударылады.

 

2.     Кинологиялық орталықтың міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттемелері

 

14.   Кинологиялық орталықтың міндеттері:

1)       контрабандаға және есірткі мен психотроптық құралдардың, олардың аналогтарының, жарылғыш заттардың, прекурсорлардың, қару-жарақтың заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды және құқық бұзушылықтарды және өзге де қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ашуға көмек көрсету;

2)       мемлекеттік кірістер органдарының тиісті функцияларын орындау үшін қажетті білімге, машық пен дағдыға ие маман-кинологтарды даярлау болып табылады.

15.  Кинологиялық орталықтың функциялары:

1)       маман-кинологтармен теориялық және практикалық сабақтар өткізу;

2)       есірткі құралдарын, жарылғыш заттарды, қаруды және өзге де объектілерді іздеуге арналған қызметтік иттерді үйрету бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізу;

3)       мемлекеттік кірістер органдары үшін әртүрлі тұқымдағы иттерді өсіру және бағып жетілдіру жөнінде жұмыстарды жүзеге асыру;

4)       қызметтік иттерді есірткі мен психотроптық құралдарды, жарылғыш заттарды, қару-жарақты, валютаны, жойылып кету қаупі бар жабайы флора мен фаунаның объектілерін және  өзге де объектілерді іздеуге үйрету;

5)       қызметтік иттерді үйретудің алдыңғы қатарлы әдістерін енгізу;

6)       ветеринариялық (емдеу, профилактикалық қарап тексеру, диагностика және өзге де ветеринариялық іс-шаралар) шараларды жүргізу;

7)       қызметтік иттердің көрмесін, байқауларын, конкурстарын, жарыстарын және мемлекеттік кірістер органдарында қызметтік иттерді дайындау және ит шаруашылығын дамытумен байланысты басқа да шараларды өткізу, сондай-ақ ұлттық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға және көрмелерге қатысу;

8)       құзыреті шегінде асыл тұқымды бастарды жақсарту мақсатында шет мемлекеттердің кинологиялық орталықтарымен әртүрлі тұқымдағы иттерді мемлекеттік сатып алуды және алмасуды жүргізу;

9)       мемлекеттік кірістер органдарын қызметтік-іздестіру иттермен, ветеринариялық және медициналық препараттармен, азықпен, арнайы құралдармен, әдістемелік әдебиеттермен, арнайы көлікпен және техникамен, оқу деректемелерімен (ұқсатқыштармен), сондай-ақ оқыту және үйрету мақсатында қолданатын материалдармен қамтамасыз ету.

16.  Кинологиялық орталықтың құқықтары мен міндеттемелері:

Құқықтары:

1)       Кинологиялық орталық қызметшілерінің еңбегін ұйымдастыру және ынталандыру нысанын айқындауға;

2)       Кинологиялық орталықтың әлеуметтік-тұрмыстық базасын дамытуға;

3)       Кинологиялық орталықтың инфрақұрылымын жетілдіруге;

4)       маман-кинологтардың үздіксіз білім беру жүйесін жетілдіру бойынша Комитетке ұсыныс енгізуге;

5)       бөлінген қаражат есебінен мерзімді жинақтарды, баспа материалдарын басып шығаруға;

6)       қызметшілерді қызметтік іссапарларға жіберуге;

7)       бірлескен ғылыми-зерттеу қызметі, маман-кинологтарды даярлау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің басқа оқу орындарымен, ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға.

Міндеттері:

8)       мемлекеттік кірістер органдарын қызметтік-іздестіру иттермен қамтамасыз ету;

9)       қызметтік иттерді ветеринариялық және медициналық препараттармен, азықпен қамтамасыз ету;

10)  қызметтік иттердің сақталуын қамтамасыз ету;

11)  сыбайлас жемқорлықты қылмыстарды және құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ескерту бойынша дербес жұмыс жүргізу;

12)  Кинологиялық орталықта сыбайлас жемқорлықты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жүргізу;

13)  Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де міндеттемелерді жүзеге асыру.

 

3.     Кинологиялық орталықтың қызметін ұйымдастыру

 

17.  Кинологиялық орталық тікелей Комитетке бағынады және жергілікті атқарушы органдарға жатпайды.

18.  Кинологиялық орталыққа басшылық етуді Кинологиялық орталыққа жүктелген міндеттерді орындау және оның өз функцияларын жүзеге асыру үшін дербес жауапкершілікте болатын Басшы жүзеге асырады.

19.  Кинологиялық орталықтың басшысын Комитеттің төрағасы лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.

20.  Кинологиялық орталықтың басшысында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын орынбасарлары бар.

21.  Кинологиялық орталық басшысы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

1)       өз орынбасарларының, Кинологиялық орталық басшыларының, қызметшілерінің міндеттері мен өкілеттігін айқындайды;

2)       Кинологиялық орталықтың штат санының лимиті шегінде Кинологиялық орталықтың штаттық кестесін бекітеді;

3)       Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Кинологиялық орталықтың қызметшілерін лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;

4)       Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте тәртіптік жауапкершілік шараларын қабылдайды;

5)       Кинологиялық орталықтың құрылымдық бөлемшелері туралы ережені бекітеді;

6)       Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте Кинологиялық орталық басшысы орынбасарларының, қызметшілерінің іссапарға жіберу, еңбек демалысын ұсыну, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемелерді төлеу және сыйақы беру мәселелрін шешеді;

7)       сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша дербес жауапкершілікте болады;

8)       Комитетке ұсынылатын ақпараттың дұрыстығы үшін дербес жауапкершілікте болады;

9)       Кинологиялық орталықтың актілеріне құзыреті шегінде қол қояды;

10)  барлық мемлекеттік органдарда және өзге ұйымдарда Кинологиялық орталықты білдіреді;

11)      Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Кинологиялық орталығының басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

 

4.     Кинологиялық орталықтың мүлкі

 

22.  Кинологиялық орталықтың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.

Кинологиялық орталықтың мүлігі оның меншігіне берілген мүліктің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған меншікті қызмет нәтижесінде және өзге көздерден алынған мүліктің есебінен қалыптастырылады.

23.  Кинологиялық орталыққа бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

24.  Кинологиялық орталықтың оған бекітілген мүлікті және Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзгеше белгіленбесе, қаржыландыру жоспары бойынша оған берілген қаражат есебінен алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

 

5.     Кинологиялық орталықты қайта ұйымдастыру және тарату

 

25.  Кинологиялық орталықтың қайта ұйымдастырылуы және таратылуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.