Жарияланған күні: 20.02.2015 15:36
Өзгертілген күні: 21.06.2023 10:54

Салықтық/кедендік тексерулерге шағымдарды қарау рәсімінің дербестігін арттыру мақсатында ҚР 2016 жылғы 30 қарашадағы №26-VI Заңымен Салық және Кеден кодекстеріне өзгерістер енгізілгенін еске саламыз, оған сәйкес
2017 жылғы 1 шілдеден бастап салықтық/кедендік тексерулердің нәтижелері туралы хабарламаға, камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтар туралы хабарламаға шағымдарды (бұдан әрі - шағымдар) қарауды уәкілетті орган – Қаржы министрлігі жүзеге асырады. Бұл ретте көрсетілген шағымдарды қарау мақсатында Қаржы министрлігі жанынан Апелляциялық комиссия құрылды, оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірді.

Осыған байланысты 2017 жылғы 1 шілдеден бастап салық төлеушілердің (салық агенттерінің), сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың салықтық/ кедендік тексерулердің нәтижелері туралы хабарламаға, камералдық кедендік тексерулердің нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағымдары Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне берілетінін атап өткен жөн.

Сондай-ақ, уәкілетті органға берілетін шағымдарға Салық және Кеден кодекстерінде белгіленген жалпы талаптарды назарға саламыз.

Шағым уәкілетті органға хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде беріледі.

Бұл ретте шағымның көшірмесі тексеру жүргізген мемлекеттік кірістер органына жіберілуге тиіс.

Шағымға:

1) шағым жасалып отырған хабарламаның және кедендік тексеру актісінің көшірмесі;

2) шағым берген тұлға өз талаптарын негіздеген мән-жайларды растайтын құжаттар;

3) іске қатысы бар өзге де құжаттар қоса беріледі.

Шағымда шағымға қол қойылған күні, шағым берілетін уәкілетті органның атауы, шағым беретін адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) немесе толық аты, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері), сәйкестендіру нөмірі, салықтық/кедендік тексеруді жүргізген мемлекеттік кірістер органының атауы, мән-жайлары көрсетілуі тиіс, өтініш беруші адам өзінің талаптарын және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелерді, қоса берілген құжаттардың тізбесін негіздейді.

Шағымға шағым берген адам немесе оның өкілі қол қояды.

Салық және Кеден кодекстерінің нормаларына сәйкес уәкілетті орган шағым беру мерзімі бұзылған, шағымның нысаны мен мазмұны белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда шағымды қараудан бас тартатынын атап өткен жөн.