Жарияланған күні: 25.01.2019 18:33
Өзгертілген күні: 13.03.2019 11:29

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің

Мемлекеттік кірістер комитеті

 

Баспасөз релизі

 

1495 жеке тұлға 3,8 млн. теңге сомасында бірыңғай жиынтық төлемін төлеген

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 203-VI Қазақстан Республикасының Заңымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуі қарастырылған.

Бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:

1) бірыңғай жиынтық төлемді төлеген;

2) жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайтын;

3) тек қана жеке тұлғаларға қызмет көрсететін және (немесе) акциздік өнімдерді қоспағанда, өзінің жеке қосалқы шаруашылығында өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн тек жеке тұлғаларға ғана өткізетін, дара кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді (бұдан әрі – БЖТ) төлеушілері деп танылады.

Осыған байланысты, басқа жеке тұлғаларға қызмет атқаратын және (немесе) жеке қосалқы шаруашылық өнімдерді өткізетін жеке тұлғалар БЖТ төлейді. Мысалы, егер заңды тұлғаға және (немесе) дара кәсіпкерге қызмет көрсетілсе, осындай қызметті көрсететін жеке тұлғаның – БЖТ қолдануға құқығы жоқ.

Сонымен қатар, бірқатар шектеулердің заңнамамен қарастырылғанына назар аударамыз.

БЖТ төлеушілері болып мыналар танылмайды:

1) коммерциялық жылжымайтын мүлiк объектiлерi аумағында, кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын, оның iшiнде меншік құқығындағы, жалдау, пайдалану, сенiмгерлiк басқару сауда объектілерін қоса алғанда, қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар;

2) тұрғын үйді қоспағанда, мүлікті жалға (мүлiктiк жалдау) беретін тұлғалар;

3) жеке практикамен айналысатын адамдар;

4) оралмандарды қоспағанда, шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар;

5) жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуі бар адамдар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер ретінде танылмайды.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген немесе жекеше практикамен айналысатын тұлғалар және стационарлық орындар арқылы қызмет атқаратын (коммерциялық объектілер – сауда объектілері, базарлар және т.б),  (тұрғын үйді қоспағанда) мүлікті жалға беретін тұлғалар БЖТ төлеушілері бола алмайды.

Осыдан басқа, БЖТ төлеушінің  табыс мөлшері күнтiзбелiк жыл үшiн республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарындағы айлық есептік көрсеткіштің 1 175 еселенген мөлшерінен аспауы тиiс (2019 жылы 2,96 млн.теңге).

Жеке тұлғалар, бірыңғай жиынтық төлем жасалған күннен бастап мұндай төлем жүргізілген айдың соңғы күніне дейін БЖТ төлеушілер деп танылады. Одан басқа, бірден бірнеше айға алдын-ала төлеп қоюға болады, ең бастысы төлемнің қай айға жасалғанын көрсету қажет.

БЖТ таңдаған жағдайда салық органдарында тіркелудің және салық есептілігін тапсырудың қажеттілігі жоқ.

БЖТ жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің төленуге жататын сомалары қосылады. 

БЖТ мөлшері:

– 1 АЕК - республикалық және облыстық маңызы бар қалалар, астана үшін;

  • 0,5 АЕК – басқа елді мекендер үшін.

Бюджет пен қорлар арасында төлемдердің бөлінуі ыңғайлы болу үшін, бiрыңғай жиынтық төлем банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының шотына аудару жолымен бір төлем тапсырмасымен жалпы сомамен төленуге жатады, ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БЖТ-ді төмендегіше бөледі:

  • жеке табыс салығы (бюджетке 10%);
  • әлеуметтік төлемдер (ӘСМҚ-на 20 %);
  • зейнетақы аударымдары (БЖЗҚ-на 30 %);
  • МӘМС –ға аударымдарына (ӘМСҚ-на 40 %).

Бүгінгі таңда, 1495 жеке тұлға 3,8 млн. теңге сомасында бірыңғай жиынтық төлемін төлеген.

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс д., 11)