Жарияланған күні: 07.09.2018 14:41
Өзгертілген күні: 07.09.2018 14:44

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

Баспасөз релизі

 

Абай болыңыздар! Жалған ақшалар!

 

Ақша мемлекеттің экономикалық жүйесінің негізін құрайды. Қоғам өз валютасына сенімді болғаны аса маңызды. Демек, қылмыстық құқық бұзушылықтың осы түріне қарсы күрес өз өзектілігін жойған жоқ, бірақ заңнамалық әрі құқық қолданушылық базаны тұрақты жетілдіруді қажет етеді.

Осы жағдайды, сондай-ақ жалған ақшамен және бағалы қағаздармен күрес проблемасының халықаралық-құқықтық аспектісін, оның ауқымы мен салдарын ескере отырып, ақшаны, бағалы қағаздарды және өзге төлем құжаттарын қолдан жалған жасауды Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігіне төнетін маңызды қатерлердің бірі ретінде толық жауапкершілікпен қарастыруға болады.

ҚР Қылмыстық кодексінде жалған ақша немесе бағалы қағаздарды дайындау, сақтау, орын ауыстыру немесе өткізу үшін ҚК 231-б. бойынша бас бостандығынан айырумен және мүлікті тәркілеумен қоса қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын ескерген жөн.

Осындай қылмыстарды ашу көп ретте кәсіпкерлердің және банк жүйесі қызметкерлерінің жасанды қағаз ақшаны анықтау туралы уақытылы ақпараттандыруына, жасанды ақшаның әрбір ошағы бойынша құқық қорғау органдарының дереу жауап әрекетіне байланысты.

Республикада 2018 жылдың 7 айы ішінде жалпы сомасы 7,9 млн. теңгені құрайтын 1451 ҚР жасанды қағаз ақшасы, сондай-ақ 10 млн. теңгеден астам жалпы сомаға 157 дана жалпы көлемде шетелдік валюта айналымнан алынды.

Жасанды ақша қаражатының көп бөлігі Алматы қаласында алынды - 776 немесе 53,4%, Қызылорда облысы – 190 немесе 13%, Астана қ. – 134 немесе 9%, Қарағанды облысы – 109 немесе 7,5%.

Фактілерге сүйенсек, ең жиі қолдан жасалатыны құны 10 000 теңгелік (531 дана немесе 36,5%), содан соң 2 000 теңгелік (527 дана немесе 36,3%), 1000 теңгелік (89 дана немесе 6%), 5000 теңгелік (72 дана немесе 4,9%), 20 000 теңгелік (53 дана немесе 3,6%) ұлттық валюта қағаздары қолдан жасалатынын дәлелдейді.

Көп жағдайда жалған ақшаны анықтау мүмкіндігінің болмауына байланысты жалған ақшаның көп бөлігі дүкендерде және базарларда есеп айырысу ретінде немесе қоғамдық орындарда ақшаны ұсақтау түрінде айналымда болады.

Бұған бірнеше себеп бар. Кейбіріне тоқтала кетсек.

Біріншіден, қазіргі заманғы технологиялар жағдайында жалған ақша жасауды қылмыстық топтар жоғары кәсіби деңгейге және ағынға қойған. Мамандардың айтуынша, жалған ақша жасаушылар ақшаның түсін, бедерін, сутаңбаны, қорғаныш жіптерін аса дәлдікпен қайталайды. Сол себепті шынайы ақшаны жалған ақшадан айыру қиынға соғады, сатушылардың көпшілігінде тіпті күдік тумайды.

Екіншіден, азаматтар банкнотаның түпнұсқалылығы жайлы қарапайым белгілерді білмейді және сауда орындарында (дүкендер, базарлар, АМҚС) ақша қайтарымын тексермей, жеңіл қабылдайды.

Жалған ақшаны алған азын-аулақ адам ғана полицияға немесе банкке жүгінеді. Көбінесе, жасанды ақша белгілерін байқап, адам мұндай ақшадан өзіне түскен тәсілмен құтылуға тырысады, бұл жалған ақша қаражатын өткізу ретінде бағалануы мүмкін. Бірақ қылмыс құрбаны болғанша, ескі ақша үлгілерін білген және жаңа ақша үлгілерін зерттеген абзал. Бұған қоса, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі арнайы буклеттер жариялайды, сайтта ақпарат  орналастырады. Қарапайым білім мен қырағылық Сізді ақша шығынынан құтқара алады.

Сондықтан, ең алдымен, ақшаны сырттай бағалап қоймай, сондай-ақ ақша белгілеріндегі қорғаныш элементтерінің болуына назар аудару қажет.

Ақша белгісінің жалғандығына күдік пайда болған кезде – дереу мемлекеттік кірістер органдарына жүгіну қажет.

Әрине, жалған ақшаны Сізге ешкім шынайы ақшаға айырбастамайды, бірақ олар айналымдағы жалған ақша белгілерінің санын азайту мақсатында айналымнан шығарылады.

Алайда, кей адамдар өздерін алдағанын сезіп, қымбат тауар сатып алып немесе ақшаны ұсақтап, оларды өткізуге тырысады. Ешбір жағдайда бұған жол бермеу қажет, себебі Сіз мемлекетке қарсы жасалған қылмыстың қатысушысына айналасыз.

Белгілі бір қиындықтарға қарамастан, Мемлекеттік кірістер комитетінің Экономикалық тергеу қызметі жалған ақшаларды өткізушілерді ғана емес, сонымен қатар дайындаушыларды анықтау бойынша белгілі бір жұмыс жүргізеді.

Ағымдағы жылдың 8 айында Экономикалық тергеу қызметі жалған ақша белгілерін дайындау бойынша 3 астыртын цехтың қызметінің алдын алды.

Мысал үшін, Алматы қаласында жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде құны 10 мың теңгелік жалған ақша қаражатын дайындау және оны өткізу бойынша цех ұйымдастырған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Батыс Қазақстан облысында Орал қаласының аумағында номиналы 20 мың теңге жалған ақша белгісін дайындауды және өткізуді ұйымдастырған қылмыстық топ қызметі доғарылды.

Сонымен бірге 2018 жылғы наурызда Қызылорда облысы бойынша МКД ЭТҚ қызметкерлері Қызылорда облысы бойынша ІІД ҰҚКБ-мен бірлесе жедел-іздестіру шараларын жүргізуі жолымен номиналы 10000 теңге және 100 АҚШ доллары болатын жалған ақшаны өткізу барысында 1986 және 1985 жылы туылған екі азамат ұсталды.

Шетел валютасында, атап айтқанда 32 700 АҚШ доллары болатын жалған ақша белгісін өткізгені үшін Алматы облысы Қарасай аудандық сотының өкімімен Тәжікстанның 2 азаматы және Қазақстанның 2 азаматы 5 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды.

Осылайша, Экономикалық тергеу қызметі елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кінәлі адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тартумен бірге жалған ақша қаражатын айналымнан шығару бойынша шаралар қабылдауда.

Осы қылмыс түрінің профилактикалық шараларының бірі банк карталарын қолдану арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесін кеңінен пайдалану болып табылады, себебі бүгінгі күні көптеген сауда нүктелері тиісінше төлем жүйесінің терминалдарымен жабдықталған.

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)