Жарияланған күні: 02.03.2018 17:30
Өзгертілген күні: 02.03.2018 17:33

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

                                                                                                                

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы және оған қосарласқан заңжобасы туралы

 

Бүгін а.ж. 2 наурызында Мемлекеттік кірістер комитетінде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобалары бойынша МКК-ң төрағасы Теңгебаев Ардақтың басшылығымен бұқаралық тыңдау өткізілді.

Тыңдауда мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, конкурстық басқарушылардың өкілдері қатысты.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын әзірлеу негізі,                       Ел басының 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму»-атты Қазақстан халқына деген Жолдауындағы жеке тұлғалар банкроттығының нақты және түсінікті рәсімдерін әзірлеу туралы тапсырмасы болып табылады.

Заң жобасының қолданысы жеке тұлғалар-Қазақстан Республикасы азаматтарына тарайды.

Заң жобасын қабылдау мақсаты, Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемге қабілетсіздігін реттеудегі өзекті мәселелерді тиімді шешу болып табылады.

Заң жобасының қағидаларына сәйкес төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру процесін қолдану арқылы жеке тұлғаның қарызын реттеу тетігін енгізу қарастырылған.  

Төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру процесін қолдану үшін азаматтың қарыздарының жиынтық сомасы оған тиесілі мүлік құнынан артуы және  қарыздық міндеттемелерінің орындау мерзімі келген күннен бастап үш айдан астам уақытта орындау мүмкіншілігі жоқ болуы қажет. Бұған қоса, банктік заем шарты бойынша міндеттемелері бар борышкер осындай шарттың талаптарын өзгерту туралы өтінішпен екінші деңгейдегі банкке жүгінуге міндетті.

Төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру процессін бір қатар құқық бұзушылықтар үшін өтелмеген соттылығы бар тұлғалар қолдана алмайды.  Мысалы алаяқтық, алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру, несиені заңсыз алу, және тағы басқалар үшін.

Өз кезегінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процесі жоспар негізінде төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен және сот шешімі негізінде жеке тұлға-борышкердің мүлкін өткізу рәсімінен тұрады. 

Жоспар негізінде төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі берешекті қайта құрылымдауға бағытталған шаралар кешенінен құралады.

Жоспар, борышкердің қаржылық жағдайына байланысты, дағдарыс жағдайдан кезеңмен шығуды қарастыратын болады. Бұл ретте кредиторлар өз жағынан қарызды өтеу үшін мерзімін ұзарту немесе бөліп төлеу, өтем ақы, айыппұлдарды есептен шығару, қарыздың бөлігін кешіру және басқа да шаралар қолдануға міндетті болады.

Осылайша Заң, келеңсіз жағдайларға байланысты қарыздық ауыртпашылыққа тап болған адал азаматқа жоспар негізінде өзінің төменделген қаржылық жағдайын түзетуге мүмкіндік беретін болады.

Жеке тұлға-борышкердің мүлкін өткізу рәсімінде оның мүлкі сауда-саттықта өткізіледі.

Борышкердің жалғыз тұрғын үйі, егер оның алаңы борышкердің өзіне және оның асырауындағы тұлғаларға Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасымен белгіленген нормативтерден аспаған және (егер жалғыз тұрғын үй кепіл болып табылған жағдайда) банктік қарыздық шарты бойынша негізгі қарыздың төленген сомасы төлемге қабілеттілікті қалпына келтіру процесі ашылу күніне 50%-дан асқан жағдайда, өндіріп алуға жатпайды.

Сонымен қатар, атқарушылық іс жүргізу туралы Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген өндіріп алуға жатпайтын мүлік сатылмайды.

Ақпарат: «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» ҚР Заңының 61-бабы. Өндiрiп алуды қолдануға болмайтын мүлiк.

1. Yй жасауының заттары, керек-жарақтар:

1) аң терiсiнен тігілген және басқа да бағалы киiм-кешектер (eгep ең төмен күнкөрiс деңгейiн қамтамасыз ету үшiн оны алмастыра алатын өзге де киiм-кешек бар болса), асхана сервиздерiн, бағалы металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдiк құндылығы бар заттарды қоспағанда, пайдаланылып жүрген киiм-кешек, аяқ киiм, іш киім, төсек-орын жабдығы, ас үй және асхана керек-жарақтары;

2) борышкерге және оның отбасы мүшелерiне ең аз мөлшерде қажеттi жиhаз (әрбiр адамға бiр төсек пен бiр орындықтан, отбасына бiр үстел, бiр шкаф және бiр сандық);

3) балаларға арналған барлық жабдықтар.

2. Егер борышкердiң негiзгi кәсiбi ауыл шаруашылығы болса, борышкер мен оның отбасы үшiн жаңа астыққа дейiн қажетті мөлшердегі тамақ өнiмдерi, шаруашылық құрылыстары және борышкер мен оның отбасының қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға қажеттi мөлшердегі үй малы, сондай-ақ малға арналған жем-шөп, ал басқа жағдайларда - тамақ өнiмдерi және жалпы сомасы ең төменгi жалақыдан аспайтын мөлшердегi ақша.

3. Тамақ даярлауға және отбасының тұрғын үй-жайын жылытуға арналған отын.

4. Борышкердiң кәсiби қызметiн жалғастыруына қажеттi құрал-сайман (оның iшiнде оқу құралдары мен кiтаптар).

5. Мүгедектердің жүріп-тұруына арналған арнайы көлік құралдары.

6. Борышкер марапатталған халықаралық, мемлекеттiк және өзге де жүлделер.

Мүлік сатылып, одан түскен қаражат кредиторлар арасында үйлестіріліп, ал қалған қарыздар сот шешімі бойынша есептен шығарылуға жатады.

Төлемге қабілеттілікті қалпына келтіру процессі аяқталу кезінде, сот тарапынан борышкерді қарыздардан босату (босатпау) туралы шешім қабылданады.

Азаматты қарыздық міндеттемелерден босатуға кедергі болатын жағдайлар:

  1. борышкердің өз мүлкі туралы жалған ақпарат беруі;
  2. мүлікті, ол жөніндегі мәліметті жасыру немесе оны алуға кедергі туғызу;
  3. кредиторлардың келісімісіз қарыздық міндеттемелердің мөлшерін ұлғайту;
  4. борышкердің тұрақты кірісі бола отырып жоспарды әзірлеуден бас тартуы;
  5. бір кредиторға өзге кредиторлардың алдында ерекше ықылас көрсету;
  6. соттың қарауы бойынша борышкердің қылығы адал емес болып танылатын өзге де жағдайлар болып табылады.

Осындай жағдайлардың бірі орын алған кезде борышкер, мүлкінен айырылса да, өз кредиторларына қарызды болып қала береді, олар өз кезегінде азаматтық заңнамамен белгіленген тәртіпте қарыздарын талап етуге құқылы болады.

Сонымен қатар, заң жобасы, еш бір жағдайларда борышкер орындаудан босатылмайтын міндеттемелер тізбесін белгілейді. Мысалы, кәмелетке толмаған балалар, жұмысқа қабілетсіз жұбайын немесе ата-анасын асырауға алименттік төлемдер, өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтыру бойынша төлемдер.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі, азаматтың, кредиторлар алдындағы міндеттемелерінен жалтару мақсатында әдейі және жалған өзінің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы жүгінгені үшін, сондай-ақ, төлемге қабілеттілікті қалпына келтіру процессін ашу барысында жалған (сенімді емес) ақпарат бергені үшін қосымша жаңа қылмыстар құрамын қарастыратын баптармен толықтырылады.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процессіндегі және ол процессті аяқтаған тұлғалар үшін салтар белгіленуіне байланысты «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы», «Халықтың көші-қоны туралы» және «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы»  Қазақстан Республикасының Заңдарына және заңнаманы сәйкестендіруді қамтамасыз ететін өзге де өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.

Заң жобасына Тұжырымдама 2016 жылғы 5 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Заң жобалау қызметi мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясы отырысында мақұлданған.

2018 жылғы 26 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Заң жобалау қызметi мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясы отырысына, төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру процесін қолдануға ниеттелген борышкерлер үшін қосымша шарттар белгілеуді қарастыру туралы Тұжырымдамаға  енгізілген өзгертулер бойынша жеке қағидалар ұсынылып мақұлданды.

Бүгінгі күні Заң жобасы Сараптама және Қоғамдық Кеңес мүшелеріне, мүдделі мемлекеттік органдарына қайта жолданып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің сайтында және оны қоғамдық талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында жарияланды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 28 желтоқтандағы                № 894 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспарына сәйкес Заң жобасын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне енгізу – наурыз, Қазақстан Республикасы Үкіметіне – сәуір, Қазақстан Республикасы Парламентіне ағымдағы жылғы маусым айында енгізу жоспарлануда.

 

ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)