Жарияланған күні: 03.08.2017 19:09
Өзгертілген күні: 03.08.2017 19:15

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде «2017 жылдың бірінші жартыжылдығы ішіндегі Экономикалық тергеу қызметінің жұмыс қорытындысы» тақырыбында брифинг болып өтті

 

Қызметтің негізгі міндеттері салық, кеден және қаржы саласындағы құқық бұзушылықтарды ескерту және тергеу болып табылады.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеулер қылмыстың нақты белгілері және мемлекеттік органдар, ұйымдардың актілерімен, қорытындысымен расталған залал сомасы анықталған жағдайда ғана басталады. 

Салықтық және басқа да тексерулер, тінту, алу, мүлікке тыйым салу, қамауға алу және т.б. біршама процессуалдық шешімдер мен тергеу амалдары тек прокуратура мен сотпен келісу арқылы не санкциясының негізінде жүргізіледі.

Одан басқа, қылмыстық істердің аясында салықтық тексерулерді тағайындау практикасы біршама азайтылды. Қазіргі уақытта, залал сомасы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласпастан мамандардың қорытындыларымен анықталады.

Прокуратурамен бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде аяқталған қылмыстық істердің саны 1,5 есеге артты және өндірісте болған істердің 60%-ын құрады.

Салық, кеден және экономикалық тергеу қызметінің жүйесін үйлестіру тәуекелдерді басқару жүйесіне өтуге және болжау-талдау жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде маңызды, ауыр және аса ауыр қылмыстарды анықтау және тергеу бойынша жұмыс сапасы артты.

Өткен кезеңде ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 48 қылмыстық іс тергеліп, оның 29-ы сотқа жолданды, соттың санкциясы негізінде 1,9 млрд. теңгенің мүлкіне тыйым салынды.

Одан басқа, Экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша шамамен 1,5 мың қылмыстық іс болып, оның 67%-ы бойынша өндіріс аяқталып, қалғандары бойынша тергеу жалғасуда.

Егер басым бағыттар бойынша қарасақ, бұл экономиканың «көлеңкелі» секторындағы заңға қайшы әрекеттерді анықтау, сонымен қатар бюджеттік қаражаттарды жымқыру фактілері болып табылады.

Аяқталған қылмыстар бойынша анықталған залал сомасы 151,5 млрд. теңгені құрады. Өз кезегінде, бұл қаражаттар мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын орындауға жұмсалуы тиіс болатын.

Тергеу барысында 48 млрд. тенге сомасына залал өтелді. Залалды өтеуді қамтамасыз ету мақсатында 24,2 млрд. теңге сомасына соттың санкциясымен мүлікке тыйым салынды.

Экономикалық тергеу қызметі қаржы пирамидаларының жолын кесу бойынша да жұмыстар жүргізуде.

Жартыжылдықта өндірісте 21 қылмыстық іс болып, 8 қылмыс тіркелді. Қаржы пирамидаларының заңсыз қызметінен келтірілген залал сомасы 11 млн. теңгені құрап, 2,6 млн. теңгеге күдіктілердің мүліктеріне тыйым  салынған.

Басқа бағыттар бойынша да оң нәтижеге қол жеткізілді:

Есептік кезеңде ақша айналымынан 986 600 теңге сомасына 571 жалған теңгелер анықталды. Одан бөлек, 3 700 АҚШ доллары сомасына 37 купюр доллар, 1200 еуроға 3 еуро купюры және 12 020 ресей рубліне 9 купюр табылды.

Сондай-ақ жедел жолмен ішімдік өнімдерін әзірлейтін 28 жасырын цехтардың жолы кесіліп, заңсыз айналымнан 381 мың жалған есептік-бақылау маркалары, 1 млн. 729 мың бөтелке есепке алынбаған ішімдік өнімдері және 76 мың литр спирт алынды.

Ағымдағы жылдың жартыжылдығында заңсыз айналымнан 23,5 кг есірткі заттары, оның ішінде 5,4 кг марихуана, 9,3 кг гашиш алынды.

Сонымен қатар, заңсыз ойын бизнесіне қарсы тұруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Жедел ақпараттардың және сақ азаматтардың көмегімен 97 жалған терминалдардың, 114 электрондық казино және басқа да 87 терминалдардың жолы кесілді.

ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Бейбітшілік, 10)