Жарияланған күні: 28.03.2018 10:44
Өзгертілген күні: 28.03.2018 10:47

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке табыс салығы бойынша декларация тапсыру туралы салық төлеушілерден келіп түсіп жатқан көптеген өтініштерге байланысты (240.00) түсіндірмесі

 

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы ҚРЗ № 120-VI Қазақстан Республикасы Кодексінің 2-бабы 5-тармағына сәйкес, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда Салық кодексінде қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, аталған шарттың қағидалары қолданылады.

Қосарланған салық салуды болдырмау және табысқа және капиталға (мүлікке) салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияда (бұдан әрі – Салық Конвенциялары) Салық Конвенцияларының мақсаттары үшін «Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті» термині осы Мемлекеттің заңдары бойынша тұрғылықты жерiне, келу орнына, басқару орнының резидентіне, тiркеуге немесе құруға не осыған ұқсас сипаттағы кезкелген басқа өлшемшарттарға негiзделген, оған салық салуға жататын кез-келген адамды білдіреді.

Алайда, бұл термин осы Мемлекеттегі салық салынатын кез-келген тұлғаны қамтымайды, тек осы Мемлекеттегі көздерден алынатын табыстарға немесе онда бар капиталға ғана қатысты.

Салық Конвенцияларының 3-бабының 2-тармағына сәйкес, Салық Конвенцияларын қолдану кезінде кез-келген уақытта Уағдаласушы Мемлекет онда айқындалмаған кез-келген терминді, егер мәтіннен өзгеше туындамаса, Салық Конвенцияларын қолданудағы салыққа қатысты осы Мемлекеттің заңнамасы бойынша осы уақытта онда бар сол мәнге ие болады.

Салық Конвенцияларында тұрғылықты тұратын жері терминінің мәні айқындалмағандықтан, осы терминнің мәні Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша айқындалады.

1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-ХIII Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 16-бабында азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады.

Салық кодексінің  217-бабының 2-тармағына сәйкес, егер жеке тұлға ағымдағы салықтық кезеңде аяқталатын кез-келген қатарынан он екi айлық кезеңде кемiнде күнтiзбелiк бір жүз сексен үш күн (келу және кету күндерiн қоса алғанда) Қазақстан Республикасында болса, ол ағымдағы салықтық кезеңде Қазақстан Республикасында тұрақты болған жеке тұлға деп танылады.

Бұл ретте Салық Конвенцияларының 2-бабы 1-тармағында осы Конвенциялардың деректері оларды өндіріп алу тәсілдеріне  қарамастан, Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшелері немесе жергілікті билік органдары өндіріп алатын табысқа және капиталға салынатын салықтарға (мүліктерге) қолданылады деп айқындалған.

 Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Салық Конвенцияларының ережелері тек кірістер мен капиталға (мүлікке) салынатын салықтарға ғана қолданылады. Осылайша, Салық конвенциясының ережелеріне сәйкес, жеке тұлға көбінесе тұратын мемлекеттің резиденті болып танылады, сондықтан мұндай жеке тұлғаның табысы осы жеке тұлғаның резиденттік  елінде салық салуға жатады.

Алайда, Қазақстан Республикасы Конституцииясының 11-бабы 3-тармағында Республиканың азаматы өзінің азаматтығына орай құқықтарға ие болып, міндеттер атқарады деп айқындалған.

Салық конвенцияларында жеке табыс салығы бойынша декларация ұсыну жөнінде міндеттеме көзделмеген, алайда Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген. Тиісінше, салық есептілігі нысанын табыс ету бойынша міндеттеме жүктелген тұлға Салық кодексінде белгіленген тәртіпте және мерзімде оны орындауға міндетті.

Мәселен, Салық кодексінің 31-бабы 1-тармағына сәйкес, салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекет алдында туындайтын міндеттемесі салықтық міндеттеме деп танылады, соған орай салық төлеуші осы Кодекстің 36-бабының 2-тармағында көрсетілген әрекеттерді жасауға міндетті.

Салық кодексінің 36-бабы 1 және 2-тармақтарында егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші салықтық міндеттемені орындауды өз бетінше жүзеге асырады.

Салық төлеуші салықтық міндеттемені орындау үшін мынадай әрекеттер жасайды: салықтық тіркелімдерді қоспағанда, салықтық нысандарды және осы Кодексте белгіленген өзге де нысандарды жасайды және белгіленген тәртіппен салық органдарына ұсынады.

Салық кодексінің 217-бабы 1 және 2-тармақтарына сәйкес, Салық кодексінің мақсаттарында:

Қазақстан Республикасында тұрақты болатын;

Қазақстан Республикасында тұрақты болмайтын, бірақ өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында болатын жеке тұлға Қазақстан Республикасының резиденті деп танылады.

 

Бір мезгілде мынадай шарттарды орындаған кезде:

1) жеке тұлғада Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты (ықтиярхаты) болса;

2) жеке тұлғаның жұбайы (зайыбы) және (немесе) жақын туыстары Қазақстан Республикасында тұрса;

3) Қазақстан Республикасында жеке тұлғаның кез-келген уақытта тұруы және (немесе) жұбайының (зайыбының) және (немесе) оның жақын туыстарының тұруы үшін қолжетімді, оған және (немесе) жұбайына (зайыбына) және (немесе) оның жақын туыстарына меншік құқығында немесе өзге де негіздерде тиесілі жылжымайтын мүлкі болса, жеке тұлғаның өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында деп танылады.

Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын жеке тұлға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдамай Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат ету туралы өтініш берген:

1) мемлекеттік билік органдары шет елге іссапарға жіберген жеке тұлға, оның ішінде дипломатиялық, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдардың қызметкері, сондай-ақ аталған жеке тұлғаның отбасы мүшелері;

2) тұрақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына немесе азаматтарына тиесілі көлік құралы экипажының мүшесі;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге көшірілген Қазақстан Республикасы әскери бөлімдерінің немесе әскери құрамаларының әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы;

4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі және Қазақстан Республикасының немесе Қазақстан Республикасы субъектілерінің меншігі болып табылатын объектілерде (оның ішінде концессиялық шарттар негізінде) жұмыс істейтін;

5) оқу, оның ішінде тағылымдамадан немесе практикадан өту, емделу немесе сауықтыру, профилактикалық рәсімдерден өту мақсатында, оқу, оның ішінде тағылымдамадан немесе практикадан өту, емделу немесе сауықтыру, профилактикалық рәсімдерден өту кезеңінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болатын жеке тұлға;

6) сабақ беру, консультациялар беру немесе ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында аталған қызметтерді (жұмыстарды) көрсету (орындау) кезеңінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болатын оқытушы және (немесе) ғылыми қызметкер Қазақстан Республикасында тұрған уақытына және осы бапта көзделген басқа да кез келген өлшемшарттарға қарамастан, резидент-жеке тұлға деп танылады.

Осылайша, егер жеке тұлға Салық кодексінің мақсатында Қазақстан Республикасының резиденті болып танылса, онда мұндай жеке тұлғада салық нысандарын ұсыну бойынша  міндеттеме туындайды.

Салық кодексін  қолданысқа енгізу туралы Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабында баяндалған редакциясында қолданылатын Салық кодексінің 363-бабының 1-тармағының 4), 11) және 12) тармақшасына сәйкес, жеке табыс салығы бойынша декларацияны мынадай резидент-салық төлеушілер:

Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден кірістер алған жеке тұлғалар;

есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі шетел банктеріндегі банктік шоттарында республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанында қолданыста болатын ең төмен жалақының (бұдан әрі – ЕТЖ) 12 еселенген мөлшерінен асатын сомада ақшасы бар Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар;

есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша меншік құқығында мынадай мүлік бар Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар:

шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында (құқықтары және (немесе) мәмілелері) мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге (есепке алуға) жататын жылжымайтын мүлік;

эмитенттері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тіркелген бағалы қағаздар;

Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі тапсырады.

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Құқықтық актілер туралы заң) 43-бабы 1-тармағына сәйкес нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайды.

Қағидадан Құқықтық актілер туралы заңның 43-бабының 1-тармағын алып тастау нормативтік құқықтық актінің немесе оның бөлігінің кері күші немесе оның өзінде  немесе нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу туралы актіде көзделген, сондай-ақ соңғысы азаматқа жүктелген міндеттемені жойған немесе олардың жағдайын жақсартқан жағдайларда мүмкін.

Құқықтық актілер туралы заңның көрсетілген нормаларын ескере отырып 2017 жылғы жеке табыс салығы бойынша декларацияны Енгізу туралы заңның 33-бабында баяндалған редакциясында қолданылатын Салық кодексінің 363-бабының 1-тармағын да көзделген тұлғалар табыс етеді.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, егер Салық кодексінің мақсатында жеке тұлға Қазақстан Республикасының резиденті болып танылса, жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00 нысаны) мұндай тұлға:

Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден кірістер алған;

Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі шетел банктеріндегі банктік шоттарында есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанында қолданыста болатын ең төмен жалақының 12 ЕТЖ (2017 жыл үшін - 293 508 теңге) асатын сомада ақшасы бар, немесе  Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі мүлік бар Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлға  тапсыруға міндетті.

2017 жыл үшін декларацияны тапсыру мерзімі – 2018 жылдың 31 наурызына дейін.

ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)