Жарияланған күні: 27.06.2018 13:33
Өзгертілген күні: 27.06.2018 13:33

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

Баспасөз релизі

 

ҚҰНДЫЗ ТОҢДАРМЕН ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің  «Алтынкөл» кеден бекетіне қарасты шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығы «Хоргос» бақылау-өткізу пунктінің (МЦПС) жолаушылар терминалында жұмыс барысы күнделікті қарбаласқа толы. Себебі, жазғы демалыс басталғалы бері кедендік шекарадан ары-бері өтетін жолаушылар мен туристік мақсатта сапар шегушілердің қарасы да күн санап артып келеді. Қазіргі уақыттың өзінде күнделікті кедендік бақылаудан өтетін адамдардың саны орта есеппен төрт мыңға жуықтап отыр. Жолаушылар санының артуына байланысты тауар айналымының көбеюі кедендік тексеру мен бақылау шараларын жүзеге асыруда әр кеденшіге үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Себебі, олардың ішінде кедендік баж салығын төлеуден жалтарып, небір құйтырқы әрекеттерге баратын теріс пиғылды пенделер аз емес. Сондықтан да әрбір кеден қызметкерінің атқаратын міндеті үлкен жауапкершілікті ғана емес,  кәсіби шеберлік пен барлаушыға тән қырағылықты да қажет етеді. Осы орайда, аталмыш бақылау-өткізу пунктінде шекара қызметкерлерімен бірлесе отырып әрекет ету шаралары жақсы жолға қойылғанын  айта кеткен орынды. Соның нәтижесінде кеден заңнамасын өрескел бұзу фактілерін әшкерелеу барысында жақсы нәтижелерге қол жеткізіліп келеді.

Атап айтсақ, жуырда кезекті кедендік тексеру барысында кеденшілер мен экономикалық қылмысқа қарсы күрес және шекара қызметкерлеріне  Аубакирова Жанар есімді азаматшаның «құндыз тоңдар өткізуі мүмкін» деген ақпарат келіп түсті. Алдын ала сырттай бақылау барысында оның сыбайластарының кімдер екендігі де мөлшермен белгілі болды. Олардың алға қойған жоспары - құндыз тондарды бір адам ғана емес, бірнеше адамға бөліп беру арқылы өткізу болатын. Сондықтан да сезік тудырып алмас үшін бірлескен топ мүшелерін кедендік тексеруден біртіндеп өткізуге тура келді. Сөйтіп, сыбайластар кедендік тексеруден өтіп болған соң, құндыз тоңдарды бір жерге жинаған сәтте ғана кеденшілер мен шекарашылардың және экономикалық қылмысқа қарсы күрес қызметкерлерінің бірлесе әрекет етуінің нәтижесінде қолға түсті. Осылайша, бірлесе отырып жүргізілген контрабандалық операцияның нәтижесі қомақты болды. Ұсталған 78 дана құндыз тоңдардың  кедендік құны 12 миллион 750 мың теңгені құрады.

Қазіргі уақытта аталмыш оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234 бабының 1 тармағы (экономикалық контрабанда) бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылуда. Осы орайда, аталмыш операцияны сәтті жүзеге асыру барысында «Алтынкөл» кеден бекеті «Хоргос» бақылау-өткізу пунктінің бас маманы М.Бердиев пен экономикалық қылмысқа қарсы күрес қызметінің қызметкері Е.Досановтың және шекара қызметінің ефрейторы Н.Тәліпбайдың сіңірген еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

 

ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)