Жарияланған күні: 04.01.2018 16:34
Өзгертілген күні: 05.01.2018 11:26

Құрметті салық төлеуші!

2018 жылы салық есептілігін табыс ету бойынша

2017 жылғы 25 желтоқсандағы №121-VI ҚРЗ Заңымен қабылданған «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі) 2018 жылғы қаңтардан бастап қолданысқа енгізілгенін назарларыңызға жеткіземіз.

Көрсетілген кодекстің шеңберінде, егер Салық кодексінде өзгеше белгіленбесе, салық төлеушілерге (салық агенттеріне) салық есептілігін табыс ету бойынша салықтық міндеттемені мерзімінен бұрын орындауға (салық кезеңінің аяқталуына дейін) тыйым салынатын нормасы енгізілді (38-баптың 3-тармағы). Өзгешеге мынадай жағдайлар жатады: салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау); тарату немесе қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда тарату салық есептілігін табыс ету; 911.00 нысандағы салық есептілігін табыс ету және т.б.

Бұдан тыс, Салық кодексінің 208-бабының 7-тармағына сәйкес электрондық салық есептілігі нысандарының шаблондары салық төлеушілер үшін салықтық есептілікті ұсыну мерзімі басталғанға дейін отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей қол жетімді болуы тиіс.

Қазіргі уақытта, жаңа Салық кодексінің шеңберінде ҚР Қаржы министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 587 бұйрығымен бекітілген, қолданыстағы салық есептілігі нысандары және оларды толтыру қағидаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде (14.09.2017ж. жағдай бойынша өзгерістер және толықтыруларымен).

Осыған байланысты, жаңа салық есептілігінің нысандары қолданысқа енгізілгенге дейін, қазіргі уақытта Салық төлеуші кабинетінде, «СТ СЕӨЖ» АЖ және ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің веб-порталындағы (kgd.gov.kz) қол жетімді 2018 жылға нысандар қолданылады.

Анықтамалық: жаңа салық есептілігі нысандарын және оларды толтыру қағидаларын 2018 жылғы наурыздан кешіктірмей қолданысқа енгізу жоспарланған.