Жарияланған күні: 16.03.2018 18:16
Өзгертілген күні: 16.03.2018 18:18

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

 МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Серік Жолдасбекұлы Мұстафаев «Салық және кеден саясаты: басты мақсат – уақытпен үндестік» тақырыбында 2018 жылдың 14 наурызында БАҚ өкілдеріне брифинг берді

 

Спикер Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын мемлекеттік кірістер органдарының алдындағы міндеттер және олардың жүзеге асырылуы туралы айтты.

«Президенттің Қазақстан халқына кезекті Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік  революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталды. Еліміз  үшін  дамудың жаңа кезеңінде туындайтын біздің міндеттеріміз -  халыққа көрсетілетін қызметті ықшам, ыңғайлы, жылдам әрі барынша түсінікті сипатқа келтіру. Біздің мақсатымыз – қоғамның талабымен, оның дамуымен қатар жүру ғана емес, азаматтардың бүгінгі уақытқа сай көзқарасы мен талғамын қалыптастыруға үлес қосу»,- деді спикер.

Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен өткен 2017 жылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің 89% электронды нысанда тапсырылған. Бұл алдыңғы 2016 жылғы көрсеткіштен 7,7%-ға артық, яғни жыл сайын электронды форматта қызмет көрсету қарқыны артып келеді. Оның ішінде, салық есептілігінің 99,3% үлесін   электронды түрде  тапсырылған есептер құрап отыр.

Қазіргі салық төлеушіге табан  тоздырып, ешқайда барудың қажеті жоқ.  Интернет көзі арқылы «салық төлеушінің кабинетіне» кірсе болғаны. Салық төлеушінің кабинетінде бірқатар құжаттарды электронды алмасуға мүмкіндік бар, алайда жұмыс тәжірибесі салық төлеушінің алуы керек мәліметтері бойынша әлі де бұл жұмыстардың арттырылуы керектігін  көрсетіп отыр.

Осы орайда, Департаменттің бастамасымен «Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру» ақпараттық жүйесін ендіру жобасы қолға алынған.  Бірыңғай деректер қорын құру арқылы басқа құзыретті органдармен өзара ақпарат алмасуды жолға қою көзделеді. Сонымен қатар, электронды нысанға көшу жұмысты қолмен атқаруға, тасымалға және қолма-қол тапсыруға жұмсалатын уақыт пен шығынды үнемдейді. Түпкі мақсат -  салықтың  жиналу деңгейін көтеру.

Сонымен қатар, бюджетке төленетін міндетті салықтар туралы әр азаматтың, отбасының мәліметін бірыңғай төлем құжатына қосу туралы да біздің ұсынысымыз бойынша жаңа бағдарламалар жасалуда. Осының барлығы электронды форматқа, сандық жүйеге көшудің, «ақылды қала» болудың алғашқы қадамдары, және оған қосатын жергілікті мемлекеттік кірістер органдарының  үлесі.

Себебі, 2020 жылдан бастап жалпыға бірдей кіріс пен шығысты декларациялау тәртібі енгізіледі. Сол кезде әр азаматтың  табысы мен иелігіндегі барлық мал-мүлкінің есебі түгел әрі заңды болу керек. Жаппай сипатқа ие болған қызметтердің электронды форматқа көшірілуі және жоғарыдағы жобалар  соған дайындықты қамтамасыз етіп жатыр.

Департамент басшысы 2018 жылы қолданысқа енген электронды декларациялаудың «Астана-1» ақпараттық жүйесі туралы айтып өтті. Департаменттің қызмет аумағында 2018 жыл басынан бері 189 декларация экспорт режимінде электронды өңделіп, шығарылды. Электронды декларациялау деректерді толықтай кодпен цифрландырады, декларацияны толықтай өңдейді, кедендік салықтар мен төлемдерді автоматты түрде есептеп, өндіруді жүзеге асырады. Декларацияны өңдеу және жасыл дәлізбен шығаруға 1 минуттай ғана уақыт жұмсалады.    Электронды, жетілдірілген нысанда жұмыс жасаудың және бір жаңа қадамы – 2018 жылы енгізіліп отырған «Е-қылмыстық іс» жүйесі. Қылмыстық процесті цифрландырудың бұл үлгісі  қылмыстық істің тіркелуінен бастап, үкімнің орындалуына дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Мұнда істің материалдарын өзгертуге мүмкіндік болмайды, айғақтарды, құжаттарды  жинақтау жеңілдейді, тергеу орындары мен сот органдарының шығындары азаяды. Бүгінгі күнге алғашқы қылмыстық іс электронды форматта тіркелді, бұл жүйе де қолданысқа енді.

Спикер Елбасы жариялаған әлеуметтік жаңғыру жолындағы бес бастаманың екіншісіне тоқталды. Айлық жалақысы 25 еселенген  айлық есептік көрсеткіштен төмен қызметкер үшін табыс салығы мөлшерінің 10 есеге азайтылады,  бұл тәртіп 2019 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енеді.  Елбасының бұл бастамасы жалақысы төмен  азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, бұл шара «конверт» арқылы жалақы төлеу әдісін жоюға әсер етеді, яғни жалдамалы жұмысшыларының көлемін жасыру арқылы салықтан жалтарушыларды «көлеңкеден» шығаруға және өз шаруашылығы арқылы табыс табатындардың кәсібін заңдастыруына мүмкіндік береді.

Сөз соңында Департамент басшысы 2017 жылдың қорытындысымен бірнеше бағыттағы қызмет көрсеткіштері туралы БАҚ өкілдерін хабардар етті.

ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)