Жарияланған күні: 21.02.2018 17:55
Өзгертілген күні: 21.02.2018 17:56

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

Жаңа салық және кеден заңнамаларын түсіндіру мақсатында

Оңтүстік Қазақстан облысында көшпелі семинар-кеңестер өткізілуде

 

ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» кодексі және  ҚР «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексін түсіндіру мақсатында көшпелі семинар- кеңестер өткізілуде.

Осылайша, мамандар ағымдағы жылдың 12-15 ақпаны аралығында Cозақ, Бәйдібек, Ордабасы, Төлеби, Сайрам, Түлкібас аудандарының салық төлеушілері мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларымен кездесті.

Түсіндіру жұмыстарына Департаменттің салық заңнамасын түсіндіру, мемлекеттік қызмет көрсетулер, жанама салықтарды әкімшілендіру, камералдық бақылау, кедендік бақылау және бірқатар салалардың білікті мамандары қатыстырылды.

Бас қосуда Салық заңнамасын түсіндіру бөлімінің басшысы А.Лесов бастаған білікті қызметкерлер жаңа салық және кеден заңнамаларындағы жаңалықтарға тоқтала келе, арнаулы салық режимдері, электронды сауда айналымы, жер қойнауын пайдаланушыларға салынатын салықтар, жер және мүлік салығы, қосылған құн салығы, кедендік декларациялар және тағы да басқа маңызды өзгерістермен бөлісті.

Семинар-кеңес барысында аудандардың салық төлеушілері арнаулы салық режимі, әлеуметтік салықтар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы, жер, мүлік салықтары, салықтық шегерімдер және көлік салығына қатысты сұрақтарымен бөлісіп, мамандар тұжырымды да, қанағаттанарлық етіп, толық жауаптар берді.

Кездесу соңында ұйымдастырушылар мен қатысушылар қызметкерлерге алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта Департамент тарапынан осындай кездесулер жиі ұйымдастырылып, оңтайлы істер жалғасын табатындығына сенім білдірді. 

Естеріңізге сала кетейік, жаңа салық және кеден заңнамасына қатысты бұқаралық түсіндіру жұмыстары 2018 жылдың басынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде қарқынды түрде жүргізіліп келеді.

 

ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)