Жарияланған күні: 27.06.2018 13:35
Өзгертілген күні: 27.06.2018 13:36

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

Баспасөз релизі

 

КОНТЕЙНЕРДЕН ШЫҚҚАН КОНТРАБАНДА

Кедендік тексеру барысында кедендік тексерудің техникалық құралдарының атқаратын қызметі өте зор. Осы орайда, инспекциялық тексеру кешенінде жұмыс істейтін кеден қызметкерлерінің біліктілігі мен өз қызметіне деген адалдығына да көп нәрсе байланысты екені жасырын емес. Жуырда «Алтынкөл» кеден бекетінің «Алтынкөл» темір жол өткізу пунктінің бас маманы О.Кеңесбаевтың қырағылығының нәтижесінде Оңтүстік Кореядан Қырғыз Республикасына транзитпен кетіп бара жатқан контейнер тоқтатылды. Себебі, инспекциялық кешенді тексеру сканері арқылы контейнер ішінде кедендік құжаттарда (инвойс) мәлімделмеген  заттар барлығы күдік тудырды. Содан кейін «Жібек жолы» жауапкершілігі жектеулі серіктестігінің уақытша сақтау қоймасында жүргізілген тиянақты кедендік тексеру нәтижесінде контейнер ішінен бұрын пайдалануда болған автокөліктің қосалқы бөлшектері мен 2014 жылы шығарылған «БМВ – 5281» маркалы жеңіл автокөлік табылды. Тауар жөнелтілушілердің әккілігі сонша, аталмыш автокөлікті сканерден жасыру мақсатында қосалқы бөлшектердің ішіне фольга қағазымен мықтап орап тастаған екен. Соған қарамастан әккілік әрекет қырағы кеденшінің назарынан тыс қалмады.

         Қазіргі уақытта ұсталған автокөліктің кедендік құнын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Егерде кедендік құнның мөлшері 5000 айлық есептік көрсеткіштен асып кеткен жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  234  бабының 1 тармағы бойынша  (экономикалық контрабанда) бойынша қылмыстық іс қозғалады.

        

ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)