Жарияланған күні: 27.06.2018 13:40
Өзгертілген күні: 27.06.2018 13:40

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

Баспасөз релизі

 

ВАЛЮТАМЕН ЖОЛЫ КЕСІЛДІ

Кедендік тексеру жүргізу барысындағы ең қиын операциялардың бірі – заңсыз валюта алып өтушілердің жолын кесу болып табылады. Себебі, валютаның басқа тауарлар сияқты көлемі үлкен болмағандықтан,  оны жасырып өтудің әдісі де көп.

Сондықтан да  ондай әрекетті әшкерелеу де оңайға түспейді. Ол үшін алдын ала ақпарат немесе кеденшінің психологиялық дайындығы мықты болу керек. Сонымен қатар, заңсыз валюта алып өтушілер кедендік тексеру барысында валютаны негізінен денелеріне немесе қол жүктерінің ішіне және автокөліктің қол жетпейтін қуыс-қуысына тығып өтуге тырысады.

Соған қарамастан, бір ғана маусым айының ішінде шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы «Хоргос» бақылау-өткізу пунктінде заңсыз валюта алып өтудің бес фактісі әшкереленді.

Соның ішінде үлкен көлемде ұсталған заңсыз валюта алып өту фактісі 25 маусым күні тіркелді. Атап айтсақ, таңғы  сағат оннан жиырма минут кеткен уақытта кеден қызметкерлері мен шекара және экономикалық қылмысқа қарсы күрес қызметкерлерімен бірлесе отырып, кедендік тексеруден жасырылған және кедендік жолаушылар декларациясында мәлімделмеген 40 мың АҚШ долларын алып өтпекші болған Демеу Жайдар есімді азаматты қолға түсірді.

Сол күнгі 1 АҚШ долларының бағамы 340,27 теңге болғандықтан, ұсталған валютаның теңгеге шаққандағы жалпы құны 13 610 800 теңгені құрады. Яғни, есепті соманың мөлшері 5000 айлық көрсеткіштен асып кеткендіктен, аталмыш оқиғаның құрамында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234 бабының бірінші тармағы бойынша қылмыстық белгі бар деп танылып, қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылуда.

 

ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)