Date of publication: 06.09.2022 18:24
Date of changing: 06.09.2022 18:26

Аталған бұзушылықты 2022  жылдың 5 қыркүйегінде Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Қапланбек» кеден бекетінің қызметкерлері анықтаған. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

Кедендік тексеру барысында Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына өту бағытындағы жолаушылар терминалында «Rapiscan» рентгентелевизиондық құрылғы арқылы қол жүгін тексеру кезінде «А» есімді 2003 жылы туылган өзбекстандық азаматтан 25 000 АҚШ долларына тең қолма-қол ақша анықталды.

Әкімшілік іс қозғалып, материалдар Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік сотына процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді.

«Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 Жарлығымен Қазақстан Республикасынан:

- 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын және әкету күніне белгіленген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағамы бойынша есептелген сомадағы қолма-қол шетел валютасы және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын;

- Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын 5, 10, 20, 50 және 100 грамм аффинирленген алтын құймаларын және «ALTYN BARYS» алтынынан және «KÚMIS BARYS» күмісінен жасалған инвестициялық монеталарды, сондай-ақ 100 грамнан астам аффинирленген алтынды әкетуге тыйым салынғанын еске саламыз», - деп атап өтті МКК-де.

Мемлекеттік кірістер комитетінде шетелге шығуды жоспарлаған азаматтарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтау қажет екенін еске салды.