Date of publication: 11.12.2015 19:07
Date of changing: 11.12.2015 19:23

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 Астанада «Сұлулық әлемді құтқарады» жобасы іске қосылды

Бүгін Астана қаласындағы «Астана – кедендік рәсімдеу орталығында» жаңа жобаның таныстырылуы өтті. Кедендік рәсімдеу орталықтарына арналған жаңа жоба «Сұлулық әлемді құтқарады» деп аталады. Жобаның бұл атауға ие болуы орталық қызметкерлерінің 100% әйелдерден құралуы байланысты. ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті бұл жобаны фискалды әкімшілендіруді жетілдіру аясында бизнеске қолайлы жағдай туғызу мақсатында іске қосты. 

Жаңарған кедендік рәсімдеу орталығымен ҚР Қаржы Министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Дәулет Ерғожин, Төрағаның орынбасары Госман Амрин, Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің басшысы Әбілқайыр Сқақов таныстырып, жаңа тәжірибе туралы айтты.

«Сұлулық әлемдік құтқарады» жобасының мәні кедендік рәсімдеу орталықтарының кадрлық құрамының толық өзгеруінде. Кедендік рәсімдеу орталығында тек әйелдер жұмыс істейді. Оларды жұмысқа қабылдаудағы басты талаптар әйелдерге тән орындаушылық, төзімділік және ұйымдастырушылық қабілеттерінің болуында. Қызметкерлерді іріктеу психометриялық тестілеу, полиграф бақылаулары арқылы жүргізілді.

Аталған жобаның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Ғалымдардың зерттеуінше, әйелдердің өзін-өзі сақтау сезімі жақсы дамыған. Әйелдер тәуекелге жол берместен бұрын жақсылап ойланады. Өйткені, оларды отбасында балалары күтіп отыр. Сондықтан аналық сезім сыбайлас жемқорлық әрекеттерге жол бермеуге көмектеседі. Алайда, кедендік рәсімдеу орталығында бұған дейін қызмет еткен ер азаматтар Департаменттің өзге басқармаларына қызмет ауыстырды.

 

 

Астана қаласындағы кедендік рәсімдеу орталығы тек Қазақстанда емес, Еуразиялық Экономикалық Одақ аумағындағы сынамалы алғашқы орталық болып табылады. Таңдау неліктен Астана қаласына түскенін ҚР ҚМ МКК Төрағасы Д.Ерғожин айтты.

«ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен Астана қаласында Халықаралық қаржы орталығы құрылады. Мұндай мегажобаның іске қосылуы, сондай-ақ Қазақстанның Халықаралық Сауда Ұйымына мүше болуы мемлекеттік органдардан жаңа көзқарасты талап етеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда инвестиция тарту мен дүниежүзілік сауда көлемін арттыру үшін ғаламат жағдайлар жасалуда. Астана бұл көрсеткіште алдыңғы орында, осы факторларды есепке ала отырып, Астана қаласы сынамалы аймақ ретінде таңдалды.»-деді Д.Ерғожин.

«Астана – кедендік рәсімдеу орталығы» – бұл бағыттағы алғашқы қадам. Сыртқы экономикалық қызмет өкілдерінің тиімді қызмет алуы үшін бұрынғы кедергілер жойылды. Қазір кәсіпкер мен орталық қызметкері терезе арқылы емес, бір деңгейде, бір үстел басында отырып құжат алмасады.

Әкімшілік кедергілерді жою мақсатында кейбір қызмет түрлері орталық құзырына кірмейтін болды. Мәселен, тауарларды алдын ала тексеру қызметі кедендік рәсімдеу орталығының құзырына кірмейді. Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті жанынан құрылған арнайы бөлім алдын ала тексеру жұмыстарымен айналысады.

Жаңа жобаның тұсаукесерінде Мемлекеттік кірістер Комитетінің Төрағасы Д.Ерғожин 2016 жылдан бастап мемлекеттік кірістер органдарымен кедендік тазалау кезеңінен кедендік бақылау кезеңіне дейін екпіндерді ауыстыру принципінің енетінін, сондай-ақ өтпелі бақылаудың да іске қосылатынын атап өтті. Өтпелі бақылау – барлық тасымалдау тізбегі мен салық төлемін өндіруді қадағалайтын соңғы бақылау кезеңі.

«Кедендік декларациялар қабылданып, тәуекелдерді басқару жүйесі аясында тәжірибелер кезінде кедендік бекеттердің қызметі азайып, бір жүйеге келеді. Болашақта кедендік рәсімдеу орталықтары көлік-логистикалық орталықтарына орналастырылады деп жоспарлануда. Кедендік тазарту уақыты 2-3 есеге қысқарады. Бұл принциптер бизнес өкілдерінің уақытын үнемдеп, өзге де шығындарын азайтады.» - деді Д.Ерғожин.    

«Астана – кедендік рәсімдеу орталығы» кедендік бекетінің бір ай жұмыс нәтижесінде барлық аумақтық мемлекеттік кірістер органдарындағы кедендік орталықтардың кадрлық құрамын толықтай әйелдер қауымымен ауыстыру туралы шешім қабылданды.    

 

 

Астана қаласы бойынша МКД