Date of publication: 29.07.2020 14:53
Date of changing: 29.07.2020 14:55

Мемлекеттік кірістер комитеті ЕАЭО елдерімен шекарадағы автомобиль өткізу пункттерінде өткізілетін тауарларға бақылауды жүзеге асыруда. Экспорттық бақылау модулі экспортталатын тауралар, оның ішінде жазып берілген тауарға ілеспе құжаттарды тексеру бойынша салық заңнамасын бұзушылықты анықтауға мүміндік береді.

Мониторинг барысында ЕАЭО елдері арасында өзара сауда кезінде жасалатын бұзушылықтардың елеулі мөлшері белгілі болды.

Жалпы құны 1,2 млрд. теңге болатын, 3 263 автокөлік құралымен жеміс-көкөніс өнімдерін әкету фактісі бойынша олардың атынан құжаттар ресімделген дара кәсіпкерлер құжаттарды іс жүзінде жазып бермеген, яғни тауарға ілеспе құжаттары жалған болып табылады. Сондай-ақ 269 тасымалдаушы жүктің кімге тиесілі екенін білмейтіні туралы түсіндірме берді.  

Қолда бар ақпаратқа сәйкес тауарға ілеспе құжаттарды 10-нан 20 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйақыға сатып алуға болады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес құжаттарды қолдан жасағаны, дайындағаны және өткізгені, сондай-ақ оларды пайдаланғаны үшін әкімшілік не қылмыстық жауаптылық көзделгенін білу керек.

Бұдан басқа мемлекеттік кірістер органы ҚР ӘҚК 785-бабына сәйкес әкімшілік өндірісті қамтамасыз ету мақсатында автокөлік құралын уақытша алып қоюға құқылы.

Жалған құжаттар жасау фактісі бойынша материалдар Экономикалық тергеу департаментіне жолданды, жұмыс жүргізілуде.

Осы санаттағы тасымалдаушыларды тексеру барысында бір жүк автомашинасының жүргізушісі мемлекеттік кірістер органы қызметкерлерінің заңды талаптарына наразылық білдіріп, өткізу пунктіне кірер жолды жауып тастады. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының «Сырым» өткізу пунктінде тез бұзылатын өнімдерді тасымалдайтын жүк автомашиналарының шоғырлануы орын алды.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде микро- және шағын кәсіпкерлер субъектілері корпоративтік (жеке) табыс салығын (төлем көздерінен ұсталатындарды қоспағанда), әлеуметтік салықты және бірыңғай жер салығын, оның ішінде Одақ елдерімен өзара сауда үшін салық төлеуден босатылғанын атап айту керек.

Осылайша ауыл шаруашылығын өндірушілердің салық төлеуден жалтарудың әртүрлі схемасын пайдаланудың қажеттілігі жоқ, олар онсыз да одан босатылған.

Мемлекеттік кірістер комитеті барлық сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды Қазақстан Республикасының және Одақ елдерінің заңнама номаларын сақтауға, алаяқтыққа және адал емес кәсіпкерлер схемасына алданбауға, керісінше кәсіпкерлік қызметті заңды түрде жүргізуге шақырады.

 

Барлық  сұрақтар бойынша МКК Сall-орталығына +7 702 129 90 39 немесе +7 (7172) 71-80-05 телефондар арқылы хабарласуға болады.