Date of publication: 16.04.2021 11:15
Date of changing: 16.04.2021 11:13

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

 

Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды енгізу мәселелері талқыланды

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті 14.04.2021ж. тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды (ТІЖ) енгізу бойынша ZOOM арқылы онлайн-конференция өткізді. МКК төрағасының орынбасары Ж.Д. Іңкәрбаев конференцияның модераторы болды.

Шараға 400-ге жуық кәсіпкерлер, «Атамекен» ҰКП мен бизнес-қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Конференция барысында ұйымдастырушылар пилоттық жобаның мерзімдерін ұзарту жоспарланғанын айтып,  ТІЖ функционалымен жұмыс жасау барысында салық төлеушілер тарапынан жиі жол берілетін ұқсас қателіктер бойынша бейнесабақ өткізілді.

Шараның басым бөлігі сұрақ-жауаптардан тұрды, қатысушылардың көкейтесті сұрақтарына Комитет өкілдері жауап беріп, ЭШФ ақпараттық жүйесінің Виртуалды қойма модулінің жұмысына қатысты ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Ұйымдастырушылар жеке тұлғаларға тауарларын сататын шағын бизнес субъектілеріне, егер олар онлайн бақылау-касса машиналарын қолданып, түбіртек беріп отырса, ТІЖ-ді рәсімдеудің қажеттілігі жоқ екеніне тағы да назар аударды. Акцизделетін тауарларды сатқанда (алкоголь мен темекі), бұрынғыша, оларды алғанын растау қажет. Растау ЭШФ ақпараттық жүйесінде жүргізіледі.

Сондай-ақ, салық төлеушілер пилоттық жобаға қатысты біршама ұсыныстарын да жеткізді. Аталған ұсыныстар ҚР ҚМ-нің тиісті бұйрықтарына өзгерістер енгізу кезінде ескерілетін болады.

Онлайн-конференцияның жазбасын мына сілтеме бойынша көруге болады:

https://youtu.be/0eixGKyl8jM