Date of publication: 12.11.2021 15:17
Date of changing: 15.11.2021 17:19

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде Қазақстан мен Қытайдың мүдделі мемлекеттік органдары арасындағы COVID-19 жағдайында Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмыс істеуі туралы өткен келіссөздердің нәтижесі туралы хабарлады.

2021 жылдың 11 қарашасында Қазақстан Республикасы (ҚР) мен Қытай Халық Республикасының (ҚХР) мүдделі мемлекеттік органдары арасында COVID-19 жағдайында Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмыс істеуі туралы келіссөздер жүргізілді.

Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі М.Сұлтанғазиев, қытайлық тарапты - ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы халық үкіметі Төрағасының орынбасары Лю Сушэ басқарды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер, Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту, Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, «ҰҚ ҚТЖ» АҚ өкілдері, сондай-ақ ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының мүдделі мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.

Келіссөздер барысында Тараптар көліктік-коммуникациялық өзара байланысты және аймақаралық байланыстарды нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың сапасын арттыруға жәрдемдесуге бағытталған бұрын жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды ұстанатындықтарын растады.

Келіссөздер нәтижесінде Тараптар Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының автомобиль және теміржол өткізу бекеттерінде өткізу қабілетін арттыру, автокөлік құралдары мен жүктерге қатысты эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы уағдаласты.

Қытай тарапы қытайлық тараптағы «Қалжат» - «Дулаты» өткізу бекетінің жұмысын қалпына келтіру үшін өткізу пунктінің эпидемияға қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуі керек екенін атап өтті. Бұл ретте ҚХР ШҰАА Халық үкіметі санитарлық – эпидемиологиялық бақылаудың қатаң шаралары сақталған жағдайда Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Майқапшағай» - «Зимунай» автомобиль өткізу бекетінің қызметін қалпына келтіруге дайын екендігін хабарлады.

Сонымен қатар, қытай тарапы жақын арада ҚР бағытындағы теміржол құрамдарының санын арттыру және қазақстандық тарапта тұрып қалған жүктерді қабылдау ниетін растады.