Date of publication: 23.11.2021 17:43
Date of changing: 23.11.2021 17:33

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексінің (бұдан әрі - ҚР Салық кодексі) 136-бабының 1-тармағында тәуекелдерді басқару жүйесі тәуекелдерді бағалауға негізделген және салық органдары тәуекелді анықтау және алдын алу мақсатында әзірлейтін және (немесе) қолданатын шараларды қамтитындығы белгіленген.

Салық төлеушілердің салық міндеттемелерін орындау шеңберінде жасаған іс-әрекеттеріне байланысты әртүрлі тәуекелдер туындайды және тәуекелдің сипатына қарай салық органдары тәуекелді бағалаудың әртүрлі әдістерін, оларға ден қою шараларын қолданады.

Салық төлеушілерді санаттау, пилоттық жоба шеңберінде "ЭШФ жазып беруді шектеу", камералдық бақылау нәтижелерін қалыптастыру, сондай-ақ салық тексерулерін жүргізу үшін салық төлеушіні іріктеу - тәуекелдерді басқару жүйесін (бұдан әрі - ТБЖ) қолданудың жекелеген бағыттары болып табылады. ҚР Салық кодексінің әртүрлі баптарымен регламенттелген және әртүрлі заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерге ие.

 

Санаттау бойынша

Санаттарға бөлу ҚР Салық кодексінің 136 бабына сәйкес салық төлеушілердің (салық агенттерінің) қызметін тәуекелдің үш (төмен, орташа немесе жоғары) дәрежесінің біріне жатқызу жолымен жүзеге асырылады және «Құпия ақпарат болып табылмайтын өлшемшарттар бойынша тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану қағидаларын бекіту туралы» (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 20 ақпандағы №252 бұйрығымен регламенттелген.

Ереженің 11-тармағына сәйкес санаттау субъектісінің тәуекел дәрежесі құпия ақпарат болып табылмайтын тәуекелдер дәрежесін бағалау өлшемшарттары және құпия (қызметтік) ақпарат болып табылатын тәуекелдер дәрежесін бағалау өлшемшарттары бойынша есептеледі.

Өлшемшарттар салық төлеушінің тіркеу деректері, ұсынылған салық есептілігі, қаржылық төлем қабілеттілігі көрсеткіштері, салық тәртібін сақтау бойынша қызметінің сипаттамасына негізделген. Санаттау нәтижелері жарты жылда бір рет өзектендіріледі. Салық берешегі және (немесе) әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі күнтізбелік 30 (отыз) күннен артық өтелмеген жағдайда, тәуекел дәрежесі айына кемінде 1 (бір) рет өзектілендіруге жатады.

Санаттау нәтижелері бойынша берілген тәуекел дәрежесіне қарай салық төлеушінің салық міндеттемелеріне байланысты салықтық әкімшілендірудің келесідей шаралары сараланады:

1) жеке кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтату;

2) ҚҚС бойынша тіркеу есебі туралы салықтық өтініш беру;

3) салық есептілігін табыс етуді ұзарту, тоқтата тұру;

4)мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету;

5) салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу.

Бұл ретте тәуекел дәрежелері бойынша (төмен, орташа, жоғары) шектеу Салық кодексінің 136-бабында жалпы санаттау шеңберінде регламенттелген. Санаттарға бөлу салық төлеушілер ұсынған салық есептілігінің деректерін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да мәліметтерді (тарихи деректерді) талдау арқылы жүзеге асырылады.

 

Қосылған құн салығын әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі пилоттық жобаға қатысты

Сонымен бірге, бүгінгі күні ТБЖ қолданудың басқа бағыты "ТБЖ қолданумен электрондық шот – фактуралардың ақпараттық жүйесі (бұдан әрі-ЭШФ АЖ) негізінде қосылған құн салығын (бұдан әрі – ҚҚС) әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі пилоттық жоба (бұдан әрі - пилоттық жоба) шеңберінде тәуекелі жоғары салық төлеушілерді айқындау болып табылады (тәуекелдің жоғары дәрежесі ғана беріледі).

Салық кодексінің 68-бабының 1-1 тармағына сәйкес салықтық әкімшілендіруді жаңғырту және жетілдіру мақсатында салық органдары салықтық әкімшілендірудің және салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерді орындауының өзге тәртібін көздейтін пилоттық жобаларды іске асыруды (ендіруді) жүзеге асыруға құқылы.

Бұл ретте пилоттық жоба қолданылатын салық төлеушілердің санаттарын, салық төлеушілердің, салық органдары мен өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін, пилоттық жобаларды іске асыру (ендіру) жүзеге асырылатын аумақты (учаскені) және (немесе) өңірді, пилоттық жобаларды іске асыру (ендіру) қағидалары мен мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Премьер – Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 3 қазандағы №1084 бұйрығымен ТБЖ қолдана отырып, ЭШФ АЖ негізінде ҚҚС әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімдері бекітілді (бұдан әрі - бұйрық).

Бұйрықтың 3-тармағына сәйкес пилоттық жобаның қатысушылары сатып алынған және өткізілген тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша, яғни жедел деректер бойынша деректерді талдауға негізделген ТБЖ айқындалған тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған ҚҚС төлеушілер, сондай-ақ тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған салық төлеушілер жазып берген ЭШФ сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушылар болып табылатын салық төлеушілер (контрагенттер) болып табылады.

Тәуекелді салық төлеушілердің нысаналы тобын анықтау автоматтандырылған түрде жүргізіледі және салық төлеуші камералдық бақылау рәсімімен айқындалған көрсеткіштер тобына бір мезгілде сәйкес келген жағдайда тәуекелдің жоғары дәрежесі беріледі.

Пилоттық жоба шеңберінде қатысушылар тәуекелдері болған жағдайда жоғары тәуекел ретінде санаттарға бөлінеді және бұл жағдайда оларға камералдық бақылау нәтижелері бойынша Мемлекеттік кіріс органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама (бұдан әрі - хабарлама) жіберіледі, оның орындалу қорытындысы бойынша тәуекел дәрежесі алынады.

Бұйрықтың 9-тармағына сәйкес хабарламаны орындау болып келесі жағдайлар танылады:

1) хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда - салық төлеуші тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған жазып берілген ЭШФ-ны кері қайтарып алу;

2) хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда - салық төлеушінің Қаржы-шаруашылық операцияны жүзеге асыру фактісін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, түсініктеме беруі.

 

Камералдық бақылауға қатысты

ТБЖ қолданудың тағы бір бағыты камералдық бақылау нәтижелерін қалыптастыру болып табылады.

ҚР Салық кодексінің 96-бабына сәйкес камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, келесілер ресімделеді:

тәуекел дәрежесі жоғары бұзушылықтар бойынша – анықталған бұзушылықтардың сипаттамалары қоса берiле отырып, камералдық бақылау нәтижелерi бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама;

тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтар бойынша – анықталған бұзушылықтардың сипаттамалары қоса берiле отырып, камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарлама ресiмделедi.

 

Салық тексерулерін жүргізу үшін салық төлеушілерді (салық агенттерін) іріктеу бағытына қатысты

2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 141-бабының 2-тармағына сәйкес салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдерді аударудың толықтығы мен уақтылығы саласында тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған субъектілерге қатысты бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі қолданылады.

Салықтық тексеруге іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау орталық деңгейде автоматтандырылған режимде жүзеге асырылады. Іріктеу Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен келісілген "Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін салықтық тексеру субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы                     28 қарашадағы №1030 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 28 қарашадағы №86 Бірлескен бұйрығы (бұдан әрі – бірлескен бұйрық) негізінде жүргізіледі.

Бірлескен бұйрықтың 7-тармағында салықтық тексеру субъектісінің (объектісінің) тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші құпия ақпарат болып табылмайтын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары және құпия (қызметтік) ақпарат болып табылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары бойынша есептелетіні бекітілді.

Ашық өлшемшарттар тізімі бірлескен бұйрықта келтірілген және екі объективті және алты субъективті өлшемшарттардан тұрады.

Бірлескен бұйрықтың 8-тармағына сәйкес тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері бойынша салықтық тексеру субъектісі (объектісі) тәуекелдің екі дәрежесінің біріне жатады: жоғары (ықтималдық көрсеткіші 51% - дан жоғары болған кезде) немесе жоғары емес (көрсеткіш 51% және одан төмен болған кезде).

Осылайша, салық төлеушілерді жалпы санаттау нәтижелері бойынша тәуекел дәрежесі (Салық кодексінің 136-бабы шеңберінде), ЭШФ жазып беруді шектеу жөніндегі пилоттық жоба нәтижелері бойынша тәуекел дәрежесі, камералдық бақылау нәтижелері бойынша тәуекел дәрежесі, сондай-ақ салықтық тексеруге іріктеу бойынша тәуекел дәрежесі бірдей болмауы мүмкін, өйткені олар әкімшілендірудің әртүрлі салаларында қолданылады, әртүрлі нормативтік құқықтық базасы және іріктеу көрсеткіштерінің әртүрлі құрамы бар.