Date of publication: 11.10.2022 19:08
Date of changing: 12.10.2022 11:43

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ведомстволарының Қызылорда облысының бөлімшелерінде қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды уақтылы жою мәселесі бойынша кеңес өткізілді.

Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі аппаратының басшысы Абзал Бейсенбекұлы жаңа басшы, бұрын Министрліктің Мемлекеттік кірістер комитеті Кадр және ішкі әкімшілендіру департаментінің директоры қызметін атқарған Ғани Мырзағабылұлы Амановты таныстырды.

Ғ. Аманов 1979 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің 2000 жылы «құқықтану» мамандығы бойынша бакалавриатын, 2002 жылы магистратурасын, 2019 жылы «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы Алматы облысы бойынша Салық комитетінде салық инспекторы ретінде бастап, бас маман, бөлім басшысы, басқарма басшысы, облыстық департамент басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

2009 жылдан бастап «Астана-Жаңа қала» салық департаменті басшысының орынбасары, 2010-2014жж. – Алматы қаласы бойынша Салық департаменті басшыcының орынбасары, 2014-2015 жж. – ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінде басқарма басшысы.

2015-2021 жж. квазимемлекеттік сектор компанияларында басшылық қызметтерін атқарған.

2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ҚМ МКК Кадрлар және ішкі әкімшілендіру департаменті директоры қызметін атқарды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Салық қызметінің үздігі» төсбелгісімен наградталған.

А. Бейсенбекұлы қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлық үшін аумақтық бөлімшелердің бірінші басшыларының дербес жауапкершілігін атап өтіп, барлық деңгейлерде сыбайлас жемқорлыққа тиімді қарсы іс-қимыл жасау, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөнінде шаралар қабылдау үшін кешенді жұмысты іске асыру бойынша бірқатар нақты міндеттерді белгіледі.