Date of publication: 19.11.2021 20:38
Date of changing: 19.11.2021 20:30

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

 

Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметінің мобильді топтарымен қазақстан-ресей шекарасының телімінде
14 автокөлікті ұстауы туралы

 

Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметі жариялаған ақпаратқа сәйкес, 2021 жылғы 16-17 қарашада Ресей Федерациясының аумағындағы ресей-қазақстан шекарасының телімінде РФ Федералдық кеден қызметінің мобильді топтарымен
40 жүк автокөлік құралдары тексеріліп, оның 14-інде (35%) бұзушылықтар анықталған.

Атап айтқанда, мақалада 300 тоннаға жуық тыйым салынған тауарлардың, оның ішінде таңбаланбаған аяқ киім мен парфюмериялық өнімдердің, сондай-ақ контрафактілік өнімнің белгілері бар аяқ киімнің ұсталғаны көрсетілген.

Аяқ киім мен парфюмериялық өнімдерді таңбалау туралы ЕЭК шешімдеріне сәйкес ЕАЭО елдері осы тауарларға таңбалауды енгізу мерзімін дербес белгілейтіндігін айта кету керек.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында осы тауарларды міндетті таңбалау енгізілген жоқ, сондықтан Қазақстан Республикасында олардың таңбалануын бақылау жүргізілмейді.

Бұл ретте, Ресей Федерациясында 2020 жылғы 1 шілдеден және 1 қазаннан бастап аяқ киім мен парфюмерия өнімдерін міндетті түрде таңбалау енгізілді, осыған байланысты Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметі таңбаланбаған өнімдерді анықтау бойынша тексеру жүргізеді.

Сонымен бірге, қазақстан-ресей шекарасы арқылы автокөлік құралдарының өтуі тек Қазақстан Республикасынан ғана емес, Қырғыз Республикасынан да жүзеге асырылатынын ескеру қажет.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекетік кірістер комитеті Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметінен анықталған бұзушылықтар мен тауарларды жіберуші ел туралы ақпаратты сұратты, нәтижесінде 14 көліктің 7-і Ресей Федерациясына Қырғыз Республикасынан Қазақстан Республикасы арқылы транзитпен өткендігі анықталды.

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекетік кірістер комитеті қазақстан-ресей телімінде жүргізген бақылауы барысында көптеген заң бұзушылықтарды анықтады.

Мысалы, тек Ресей Федерациясы бойынша 2019 жылы жалған транзит үлесі 27% (11,2 мың факт), яғни транзит ретінде мәлімделген тауарлар импортқа ҚҚС төлемей Қазақстан Республикасының аумағында қалған.

 

Сондай-ақ, көрсетілген мерзімде Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасының жалған алушыларының мекенжайына тауарларды әкелудің 8,1 мың фактісі анықталды, оның ішінде Ресей Федерациясының қатысы жоқ экспорттаушыларымен.

Навигациялық пломбаларды қолдану және тақырыптық салық тексерулерін жүргізу арқылы 2020 жылы жалған транзит 12%-ға дейін, ағымдағы жылы жалған транзит 1,1%-ға дейін (405 фактіге) қысқартылды.

Импортқа қатысы жоқ тұлғаларға құжаттарын ресімдеуді болдырмау мақсатында ТІЖ бойынша пилоттық жоба іске қосылды, соның арқасында ағымдағы жылы жалған алушылардың мекенжайына тауарларды әкелу 158 фактіге дейін қысқарды.

Сондай-ақ, Ресей Федерациясының салық төлеушілері бидайды Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына экспорттап, кейін үшінші елдерге сату арқылы экспорттық баж салығын төлеуден жалтаратыны анықталды.

Мәселен, 2019 жылдан бері Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына 1 762 мың тонна бидай әкелініп, кейін үшінші елдерге сатылған. Сонымен қатар, 235,2 мың тонна бойынша импортқа ҚҚС Қазақстан Республикасына төленбеген.

Сонымен қатар, қазақстан-ресей шекарасындағы өзекті мәселелердің бірі болып Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына оң рульді көліктердің қосалқы бөлшектер деген атпен әкелу табылады.

Сондай-ақ қосалқы бөлшектер деген атпен оң рульді көліктерді кедендік ресімдеу Ресей Федерациясының Қиыр Шығысында жүзеге асырылады.

2021 жылдың сәуір айынан бастап АҚБ аталған көліктердің есебін жүргізу ұйымдастырылды, оның аясында ЕАЭО аумағына қосалқы бөлшектер деген атпен 2 205 жеңіл автокөлігі әкелінгені анықталды.

Ресей Федерациясының кеден органдарымен осы өнімді жіктеу тәртібін бұзуы нәтижесінде ЕАЭО елдерінің бюджеті үшін жоғарыда көрсетілген уақыт мерзімінде баждардың болжамды шығыны барынша қарапайым бағалаулар бойынша, шамамен 1,7 млн ​​еуроны құрады.

Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында Ресей Федерациясының мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен жүрген 88 мың көлік Ресей Федерациясында тіркелмеген. Оның 5,2 мыңға жуығы оң жақ рульді көліктер, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің пікірінше, кедендік ресімдеу де қосалқы бөлшектер атпен жүзеге асырылған, тиісінше, ЕАЭО елдерінің бюджеті үшін баж шығыны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

 

Осыған байланысты, көлеңкелі тауар айналымына бірлесіп қарсы тұру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметі арасында бірқатар жұмыс кездесулері өтті, оның аясында бірқатар келісімдерге қол жеткізілді, оның ішінде өзара саудада анықталған бұзушылықтар туралы ақпарат алмасу, әкімшіліктендіруді күшейту мақсатында экспорттық операциялар туралы деректермен алмасу, сондай-ақ жалған алушылардың мекен-жайына тауарларды әкелуге жол бермеу.

Фискалдық органдардың өзара іс-қимылы бойынша жұмыстар жалғасады.