Жарияланған күні: 16.05.2022 17:41
Өзгертілген күні: 16.05.2022 17:44

“Алтын Орда” базарында қандай салық заңнамасын бұзушылықтар анықталған

 

Мемлекет Басшысы Қ. Тоқаевтың үкіметтің 2022 жылғы 8 ақпандағы кеңейтілген отырысында Алматы облысындағы «Алтын Орда» базарының қызметін ретке келтіруге қатысты тапсырмасына сәйкес ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті бірқатар бақылау шараларын жүзеге асырды.

“Алтын Орда” базар аумағында сауда жасайтын 2993 тұлға кәсіпкер ретінде тіркелді (оның ішінде ақпанда-1371,наурызда-1443,сәуірде-179). Бұрыннан тіркеліп, жұмыс жасап отырған жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды қоса есептесек, қазіргі уақытта жалпы саны 3324 субъектіні құраған. Бұрын базар аумағында сауда жасайтын 331 салық төлеуші есепте тұрған.

Бақылау шаралары базарды жалға алушы «Altyn Orda QazTrade Ltd»  ЖШС-і және базар иесі «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС-не қатысты жүргізілді.

Қолданылған шаралардың нәтижесінде бюджетке 1,5 млрд.теңге салық төленді, оның ішінде «Altyn Orda QazTrade Ltd»  ЖШС-і – 1,4 млрд.теңге салық төлеген, «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС-і – 92,3 млн.теңге бюджетке төлеген.

Одан бөлек, қолданылған шараның нәтижесінде «Altyn Orda QazTrade Ltd» ЖШС-і мен «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС-іне камералдық бақылау бойынша жалпы сомасы 1,3 млрд.теңгеге хабарламалар қойылып, 1,1млрд. теңге қосымша салық есептелді. Қазіргі уақытта оның 650 млн.теңгесі бюджетке өндірілді.

Камералдық бақылау – салық тексеруін жүргізбестен, мемлекеттік кірістер органдарымен хабарламалар табыстау арқылы жүргізілетін бақылау түрі.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Altyn Orda QazTrade Ltd»  ЖШС-і және базар иесі «KURYLYS LTD» - «Курылыс ЛТД» ЖШС-не қатысты салықтық тексерулері жүргізілуде.