Жарияланған күні: 23.09.2021 15:22
Өзгертілген күні: 16.11.2021 16:12

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 379 - бабының 1-тармағына сәйкес, осы баптың 2, 5, 7-12 және 14-тармақтарында көрсетілген айналымдарды қоспағанда, тауарларды өткізу бойынша айналым жасалған күн болып табылады:

1) егер шарт талаптарына сәйкес өнім берушінің (сатушының) тауарды жеткізу жөніндегі міндеті көзделсе - мынадай күндердің бірі:

жеткізуші (сатушы) айқындаған тауарды жеткізуді жүзеге асыратын тұлғаға, оның ішінде оның сенім білдірілген тұлғасына тауарды беру күні;
        - тауарды жеткізушінің (сатушының) көлік құралына тиеу күні;

2) егер шарт бойынша өнім берушінің (сатушының) тауарды жеткізу жөніндегі міндеті болмаса:

Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес тауарды беру фактісін растайтын құжат ресімдеуге жататын кезде - өнім беруші (сатушы) мен алушы (сатып алушы) осындай құжатқа қол қойған күн;

қалған жағдайларда - Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалған, алушының (сатып алушының) немесе ол айқындаған, оның ішінде осындай тауарды жеткізуді жүзеге асыратын тұлғаның билік етуіне тауар берілетін күн.

Осылайша, тауарларды жеткізу шарттарына байланысты айналым жасалған күн тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды растау күні бойынша, тауарларға ілеспе жүкқұжаттарда көрсетілген тауарларды тиеп-жөнелту күні бойынша не бастапқы бухгалтерлік құжаттың басқа күні бойынша айқындалуы мүмкін.