Жарияланған күні: 27.01.2022 11:27
Өзгертілген күні: 26.04.2022 15:10

Салық Кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап цифрлық майнинг үшін төлемақы енгізілді. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

Төлемақыны төлеу тәртібі Салық кодексінің 69-тарауының 11-параграфымен реттеледі.

Цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады және төлем қызметті жүзеге асыру кезінде тұтынылған электр энергиясының нақты көлемі үшін алынады.

Төлемақы сомасы электр энергиясының нақты көлеміне сүйене отырып есептеледі, төлемақы ставкасы электр энергиясының 1 киловатт-сағаты үшін 1 теңге мөлшерінде айқындалады (кВт/сағ саны*1 теңге).

«Төлемақыны есептеу үшін салық кезеңі - тоқсан болып табылады. Цифрлық майнинг үшін ақы төлеу Республикалық бюджетке 105 317 Бюджеттік сыныптама кодына (БСК) жүргізіледі. Төлемақы төлеушілер төлемақы сомасын бюджетке тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей төлейді. Мысалы, 2022 жылдың бірінші тоқсаны үшін төлемақыны  2022 жылдың 20 сәуірінен кешіктірмей төлеу қажет», - деп атап өтті ҚР ҚМ МКК-де.

Цифрлық майнинг үшін төлемақы жеке тұлғалар, соның ішінде дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың заңды мекен жайы бойынша төленеді. Бұл ретте цифрлық майнинг үшін төлем бойынша салық есептілігін тапсыру Салық кодексінде көзделмеген.