Жарияланған күні: 01.07.2022 16:45
Өзгертілген күні: 01.07.2022 16:48

Жалпы құны 27 млн.теңге болатын автобөлшектер, аккумуляторлар, дәнекерлеу аппараты мен шаруашылық тауарларын Қазақстанға бір ЖШС кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтарып әкелуге тырысты. 2022 жылғы 14 маусымда "Қалжат" кеден бекетінде декларацияланбаған жүкті тасымалдау әрекеті тоқтатылды.

Бұзушылық сыртқы экономикалық қызметке қатысушымен ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылау жүргізу кезінде анықталды. 

Тіркемесі бар КамАЗ маркалы автокөлік құралын инспекциялық тексеру кешенін қолдану арқылы сканерлеу нәтижелері бойынша құжаттарда мәлімделген тауарлар мен көлік құралындағы заттар арасында айырмашылықтар анықталды. 

Кедендік тексеріп қарау нәтижелері бойынша жалпы салмағы 20 тонна декларацияланбаған тауарлар анықталды, оларға 5,5 млн.теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар салынды.

Сонымен қатар, импорттаушы ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 551-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Декларацияланбаған тауарлар бойынша кедендік төлемдер мен салықтардың сомасы бюджетке өндіріп алынды.

Айта кету керек, мұндай фактілер осыған дейін де орын алған.

Мәселен, инспекциялық-тексеру кешендерін пайдалану кезінде ағымдағы жылы құны 1 млрд. теңге болатын 4 мың тоннадан астам декларацияланбаған тауарлар анықталды.