Жарияланған күні: 20.12.2021 18:12
Өзгертілген күні: 20.12.2021 18:02

2021 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің мәжіліс залында "Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру барысы туралы" тақырыбында Мәжіліс Төрағасының Орынбасары Павел Казанцевтің төрағалығымен Үкімет сағаты өтті.

Депутаттар алдында баяндамамен Қазақстан Республикасының Қаржы Министрі Ерұлан Жамаубаев сөз сөйледі.

Министр цифрландырудың арқасында мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімдері қысқартылып, мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграциялау азаматтар мен бизнестің уақыты мен шығындарын үнемдеуге мүмкіндік берілгенін атап өтті. Сондай-ақ, қызмет көрсетушімен тікелей қарым-қатынастың азайғаны сыбайлас жемқорлық тәуекелді барынша қысқартуға мүмкіндік береді.

Үкімет сағаты алдында Мәжіліс ғимаратының үшінші қабатында көрме ұйымдастырылып, депутаттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің салық пен кеден салаларында қолданылатын ақпараттық жүйелерімен және мобильді қосымшаларымен танысты.    

Көрмеде Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері нақты уақыт режимінде "АСТАНА-1" электрондық кедендік декларациялау жүйесінің, экспорттық және импорттық операциялар бойынша "Бірыңғай терезе" жүйесінің, навигациялық пломбалардың жұмысын көрсетті.

Тауарларды кедендік рәсімдеу процедурасында оңайлату үшін экспорттық-импорттық операциялар бойынша "Бірыңғай терезе" ақпараттық жүйесі құрылды, оны енгізу арқылы қызмет көрсету мерзімі қысқартылды. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің қызметі бойынша 30 күннен 15 күнге дейін, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметі бойынша 5 күннен 2 күнге дейін, алдын ала кедендік шешімдер 20 күннен 10 күнге дейін мерзімі қысқарған. Порталдың негізгі мақсаты бұрын әртүрлі ақпараттық жүйелерде болған ақпарат пен функцияларды бір жерге біріктіру болып табылады.

Кедендік тазартудың өзі "АСТАНА-1" ақпараттық жүйесінде жүргізіледі, жүйенің арқасында кедендік декларациялау 100% электронды  түрде тапсырылады. Бүгін сыртқы экономикалық қызметке қатысушы декларацияны кез келген өзіне ыңғайлы уақытта, әлемнің кез келген нүктесінен тапсыра алады. Егер бұрын осыған орташа есеппен санағанда бір сағаттан екі күнге дейін уақыт кетсе, қазір барлық декларациялардың 82% - ы 1 минутта шығарылады.

Комитет өкілдері «ЭШФ» жүйесін енгізу тәуекелдерді басқару жүйесін қайта қарау және ЭШФ-дан алынған деректерді ескере отырып, камералдық бақылау есебінен қосылған құн салығынан түсімдердің өсуін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Енді ЭШФ-ны жедел талдаудың арқасында Комитет ерте кезеңде жалған шот-фактураларды анықтайды. Қазіргі уақытта жүйеде 800 млн. ЭШФ рәсімделген.

Сондай-ақ, спикер жеке тұлғалардың салық төлеуін жеңілдету мақсатында «E-salyq Azamat» мобильді қосымшасы жасалғаны туралы айтты. Қосымша арқылы салықты небәрі 2-3 минутта төлеуге болады. Салық әмиянын пайдаланып, салық міндеттемелері туындаған уақытта автоматты түрде төлеуге болады. Оған қоса, қосымшада жеке тұлғалар салық декларациясын тапсырып, уәкілетті органдарға деректерді түзетуге өтінім жолдауға, шетелге шығуға шектеуді тексеруге, кезекті онлайн броньдауға болады. Бүгінде қосымшаны 800 мың азамат пайдаланады.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер үшін салықтық міндеттемелерді орындау процесін жеңілдетуге арналған «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы әзірленді. Қосымша дара кәсіпкер ретінде онлайн тіркелуге, кірістер тізілімін жүргізуге, салықтар, әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді автоматты түрде есептеуге және салық есептілігін алдын ала толтыруға, салықтарды ыңғайлы төлеуге, анықтамалар мен хабарламаларды алуға, сондай-ақ оңайлатылған тәртіпте кәсіпкерлік қызметті тоқтатуға мүмкіндік беріп, деректерді өңдеу мақсатында интернет-алаңдармен және банктік қосымшалардан интеграция қарастырылған.

Е. Жамаубаев министрлік қызметін цифрландыру бойынша қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік органның ашықтық деңгейіне, бюджет процестерін тиімді басқаруға оң ықпал ететініне, сондай-ақ азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыратынына сенім білдірді.

Жалпы алғанда, Мәжілістің депутаттары Қаржы министрлігі ақпараттық жүйелері дамуының оң динамикасын атап өтіп, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыруды адамдарға ыңғайлы болатындай бағытта дамытып, салық төлеу мен басқа да салықтық міндеттемелерді орындауды салық төлеушілер үшін барынша ыңғайлы етуге кеңес берді.