Жарияланған күні: 17.03.2023 19:13
Өзгертілген күні: 17.03.2023 19:16

      Мемлекеттік кірістер комитетінде Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге арналған мерекелік іс-шара өткізілді.

5 команда құрылып, әрбір команда ұмыт бола бастаған ұлттық салт-дәстүр бойынша көріністерін көрсетіп, таныстырды.

     Бел көтерер - дәстүрлі ортадағы ғұрыптық ас атауы. Қарияларға құнарлы тағам түрлерін жұмсақ етіп  лайықтап дайындалады. Бел көтерер - адамға мол күш беретін нәрлі ас, көңіл жақын жандар арнайы дайындап, қарияларға ұсынады. Қазіргі уақытқа дейін сақталып келе жатқан түркі халықтарының да маңызды, әрі аса көрнекті дәстүрі болып саналады.

    Ашамайға мінгізу - қазақ салтында сәбилер балалық шақтың бірінші сатысына жеткен кезде ер баланы сүндетке отырғызып, айдар қойған, соның ішінде алғаш рет жеке атқа мінгізу рәсімін өткізген. Бұл рәсімде откізілетін шараны «Ашамайға мінгізу» немесе «Ашамай тойы» деп атаған. Бұл бала үшін де, ата-ана туысқандары үшін де ерекше оқиға, үлкен қуанышқа саналатындықтан ауқаттылар той жасап, ат шаптырып, көкпар тартқызған.

   Қонақкәде — көңілді отырудың, үй иесінің, сонымен бірге қонақтың риясыз көңілін білдіретін белгі. Үй иесінің қонағына қонақкәде айтыңыз деп өтініш жасауға хақы бар. Бұл “өлең айтыңыз, өнер көрсетіңіз” дегенді білдіреді. Екіншіден, бұрынғы адамдар жастарды өлең айтуға, айтысқа, шешендікке, домбыра үйренуге ерте баулыған. Олардың “сегіз қырлы, бір сырлы” өнерпаз болып өсуіне қолдау көрсетіп отырған. Өйткені қонақкәде айта алмай қалу – ыңғайсыз жағдай болып қалыптасқан.

   Туған жерге аунату - әдетте басқа жақта тұратын ер - азаматтарды туған жеріне келгенде, оны жерге аунатып алатын жақсы дәстүр бар. Мұның мән мағынасы көп. Біріншіден, "сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік қарызыңды өте" деген мағынада. Екінші, "туған жер ата - анаң, отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін" деген тәлім жатыр. 

  Шаш өру дәстүрі жай ғана қыздың шашын жинап қою үшін емес, өзінің мағынасымен қадірлі. Мысалы, тұрмысқа шықпаған қыздар шашын тек бір өрім етіп жүрген деген деректер бар. Ал тұрмысқа шығып, келін атанғанда шашын екі бөліп, өреді деседі. 

   Арнайы әділ қазы мүшелері тағайындалды. Көрсетілген көріністер таныстыру, актерлік шеберлік және образдың сәйкесігі критерийлері бойынша бағаланып, орындар берілді.

 Нәтижесінде «Бел көтерер» дәстүрін көрсеткен қатысушылар
1-орынды иеленіп, «Туған жерге аунату» дәстүрімен таныстырған қатысушылар 

2-орынды, «Ашамайға мінгізу» дәстүрін көрсеткен қатысушылар

3-орынды иеленді.

 «Шаш өру», «Қонақкәде» дәстүрлерін көрсеткен қатысушыларға дипломдар табысталды.