Жарияланған күні: 01.12.2022 16:03
Өзгертілген күні: 01.12.2022 16:04

ҚР Президенті жанындағы “Орталық коммуникациялар қызметі” алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасының негізгі ережелері туралы айтып берді.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 5 қаңтарда жеке тұлғаларды банкрот деп тануды көздейтін заң жобасын әзірлеу жөнінде тапсырма берді.

Осы заң жобасын әзірлеуге себеп болған – халықтың шамадан тыс кредиттік ауыртпалықтары мен жалпы азаматтардың едәуір бөлігі өздерінің қаржылық жағдайларының нашарлауымен бетпе-бет келгендігі.

Ағымдағы жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша 1,4 млн адамның жалпы сомасы 1 449 млрд теңгені құрайтын 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар (бір қарыз алушының максималды кешіктіруі ескерілді).

Бес жылдан астам қарыздарына қызмет көрсете алмайтын тұлғалардың саны 504 млрд теңге сомасында 365 мың адамды (немесе проблемалық қарыз алушылардың жалпы санынан 27%) құрайды.

Осылайша, рәсімдердің 3 түрін енгізуді ұсынып отырмыз.

Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие берушінің борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.

Бірінші рәсім: Соттан тыс банкроттық рәсімі, оған азаматтар келесі шарттар бойынша өтініш бере алады:

  1. банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаса;
  2. ресми кірісі жоқ немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табыс – 36018 теңге.

Бұл жағдайда борышкердің мүлкі болмауы керек және қарыздар бойынша банкпен есеп айырысу рәсімін жүргізу қажет.

Соттан тыс банкроттық тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.

Соттан тыс банкроттықты қолдану сәтінен туындайтын салдарға назар аударамыз:

• борыштық міндеттемелердің мерзімі өткен болып саналады;

• кредиторлардың борышқорден міндеттемелерді орындауын талап етуіне тыйым салу;

• тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) және сыйақыны есептеуді тоқтату;

• берешекті өндіріп алу туралы сот шешімдерінің орындалуы тоқтатылды;

• борышкерге несие алу, кепілдіктер беру бойынша мәмілелерді жасауға тыйым салу.

Соттан тыс банкроттық «Электрондық үкімет» веб-порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізілетін болады.

4,9 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.

Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі аукционда сатылуға жатады.

Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.

Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде қайтарып алуға құқылы.

Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды.

Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің (мүлікті немесе ол туралы мәліметтерді жасыру, жалған ақпарат беру және т.б.) белгілері болмаса есептен шығаруға жатады.

Алайда, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян мен алимент бойынша қарызды есептен шығаруға болмайды.

Сот банкроттық рәсімін қаржы менеджерлері жүзеге асырады, оның ішінде:

• Заңды тұлғаларды және жеке кәсіпкерлерді банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;

• Кәсіби бухгалтерлер;

• Заң консультанттары;

• Аудиторлар.

Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі.

Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.

Банкроттықтан кейін пайда болатын салдар:

  1. жобада 5 жылға несиелер мен кредиттер алуды шектеу көзделген;
  2. азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады;
  3. банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделеді.

Бұл заң жобасы 29 сәуірде Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген.