Жарияланған күні: 29.03.2021 19:05
Өзгертілген күні: 29.03.2021 19:08

 

Жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі туралы

 

2020 жылға көлік салығын төлеу мерзімі 2021 жылдың 1 сәуірінде аяқталады. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры Азамат Садықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында еске салды.

Көлік құралдарына салынатын салық салық кезеңінің соңына дейін меншік құқығы сатып алынған айдың 1 күнінен бастап, яғни ағымдағы жылдың соңына дейін не меншік құқығы берілген айдың 1 күніне дейін нақты иелену кезеңі үшін есептеледі.

«Бұл ретте, салық кезеңі ішінде көлік құралын сатқан жағдайда, нақты иелену кезеңі үшін төлеуге жататын сома көлік құралын тіркеу есебінен шығарғанға дейін бюджетке енгізілуге тиіс», - деді А. Садықов.

Жеке тұлғалар салықтарды «E-Salyq Azamat» тегін мобильді қосымшасы арқылы, екінші деңгейдегі банктердің бөлімшелерінде немесе төлем терминалдарында қолма-қол ақша қаражатымен, банкоматтар мен төлем терминалдарындағы банк карталарының көмегімен төлей алады.

Салықты төлеу мерзімі биылдан бастап өзгерген. Мәселен, 2019 жылғы көлік салығын 2019 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей төлеу керек болатын.