
Жалпы салмағы 23 тоннадан асатын металл бұйымдары медаль жасауға арналған.
БҚО-ның "Сырым" автомобиль өткізу пунктінде экспорттық бақылау қызметкерлері Алматы қ., ҚР - Тольяти қ., РФ бағыты бойынша тауармен келе жатқан жүк көлік құралын тоқтатты.
Жүргізуші (ҚР азаматы) экспорттық бақылау үшін тауарға ілеспе құжаттарды ұсынды, оған сәйкес көлік құралының жүк бөлігінде 1,4 млн.теңгеден астам сомаға 23,5 тонна "металдан жасалған медальдарға арналған дайындамалар" деген тауар тасымалданды, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелері арқылы тексеру нәтижесінде мониторинг үшін ұсынылған электрондық шот – фактураның жалған екендігі және ЭШФ АЖ дерекқорында жоқ екендігі анықталды.
Сонымен қатар, жүйеге сәйкес, жүк жөнелтуші тек автомобиль көлігімен жүк тасымалдаумен айналысады және тауардың шығу тегіне қатысы жоқ.
Қазіргі уақытта мемлекеттік кіріс органдары табысты жасыру және салық төлеуден жалтару мақсатында заңсыз кәсіпкерлік қызметті ұйымдастырған тауардың нақты жөнелтушілерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде.