Жарияланған күні: 13.06.2022 12:15
Өзгертілген күні: 13.06.2022 12:16

Қосымша резервтер бойынша

2021 жылы салықтық және кедендік әкімшілендіру шеңберінде Мемлекеттік кірістер комитеті 681 млрд.теңге қосымша түсімдерді қамтамасыз етті.

Есеп комитетінің пікірінше, «ТБЖ» АЖ, «ЭШФ» АЖ іс-шаралары және жер қойнауын пайдаланушыларды әкімшілендіру бойынша шамамен 300 млрд.теңге сомаға қосымша түсімдер жанама жолмен есептелген және резервтерге жатқызылмауы тиіс.

Осы мәселе бойынша МКК 2019 жылдан бастап ірі айналымдармен және салық жүктемесінің коэффициенті төмен (0,1%-дан кем) жалған ЭШФ жазып беретін «бір күндік фирмалардың» қызметін шектеу жөнінде пилоттық жоба енгізілгенін атап өтеді.

Пилоттық жоба бойынша ЭШФ жазып беру 11 мың салық төлеуші бойынша шектелген, олар бойынша айналым 7,1 трлн. теңге.

Әкімшілендіру шараларын қолданғаннан кейін салық төлеушілердің белгілі бір санаттары 2021 жылы 90,6 млрд.теңге сомасына салық төлеуді жүргізді және бұл түсімдер дербес шоттарда бар.

Бұдан басқа, жалған электрондық шот-фактураларды жазып беретін салық төлеушілер бойынша тіркеуді/қайта тіркеуді жарамсыз деп тану бойынша талап-арыз жұмыстары жүргізіледі.

1,8 мыңнан астам тәуекелді салық төлеушілердің сатып алушыларына тәуекел айналымының сомасы 985,5 млрд. теңге құрайтын 7,2 мың хабарлама жіберілді.

Көрсетілген салық төлеушілер бойынша салық жүктемесі едәуір ұлғайды және экономиканың табиғи өсуін алып тастағанда түсімдердің өсімі 75,1 млрд.теңгені құрады.

Бұдан басқа, Есеп комитеті тау-кен секторының қызметін талдау және агрессивті салықтық оңтайландыруды болдырмау жөнінде шаралар қабылдау арқылы қамтамасыз етілген жер қойнауын пайдаланушылардан 125 млрд.теңге сомасындағы түсімдерді ескермеген.

Статистиканың ҚХР-мен алшақтығына келетін болсақ, бұл мәселе жоспарлы түрде шешілуде.

2021 жылдың қорытындысы бойынша алшақтық 5,7 млрд. АҚШ долл. (40,5%) құраған (ҚР импорты кезінде - 8,3 млрд. АҚШ доллары және ҚХР экспорты 14,0 млрд. АҚШ доллары).

Обьективті әдіснамалық себептермен (транзит, жеткізу шарттары, Қытай тауар өндірушілерінің экспорттық бағаны көтеруге мүдделілігі және т.б.) қатар МКК импорттаушылардың кедендік құнды анық емес декларациялау мен төмендету мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Осыған байланысты статистикадағы алшақтықты азайту мақсатында бірқатар жүйелі және нақты шаралар қабылдануда.

1. Қытайдың Бас кеден басқармасымен, оның ішінде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап «Достық-Алашанькоу» өткізу пунктінде, 2022 жылғы 7 ақпаннан бастап «Алтынкөл-Қорғас» өткізу пунктінде теміржол көлігімен өткізілетін тауарлар бойынша ақпаратты пилоттық алмасу басталды.

Анықтама үшін: 2020 жылдан бастап автокөлікпен өткізілетін тауарлар бойынша ҚХР-мен ақпарат алмасу жүзеге асырылуда.

2. 8 мыңнан астам сезімтал тауар позициялары (барлығы 13 мың позиция) бойынша тәуекелдің құндық индикаторлары тұрақты негізде өзектендіріледі, оның ішінде 767-сі ЕАЭО деңгейінде біріздендірілген.

3. ТБЖ-ға субъектіге бағдарланған тәсіл және деректерді зияткерлік талдау (рентген түсірілімдерін талдау және декларацияларды мәтіндік талдау) енгізіледі.

4. Тауарларға арналған декларацияларды бақылау және шығару бөлігінде кедендік функциялар толығымен орталықтандырылған. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен байланыс алынып тасталды.

Президенттің тапсырмасы бойынша кедендік әкімшілендіруді күшейту мақсатында тиісті Іс-шаралар жоспары қабылданды.

Ағымдағы жылы 9 УЭО және УЭО-ның 1 филиалына қатысты 10 кедендік тексеру жүргізілді, олар бойынша 107,7 млрд.теңге қоса есептелді.

Бұл шаралар алшақтықтың 2018 жылғы - 52,5%-нан 2021 жылғы -40,5%-ға дейін 12 проценттік пунктке төмендеуіне алып келді.

Мәселен, 2022 жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша алшақтық – 26,1% құрады.

Жалпы, жоғарыда көрсетілген іс-шараларды іске асыру шеңберінде кедендік әкімшілендіруді күшейту ағымдағы жылы шамамен 150 млрд.теңге қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Аяқ киім импортына қатысты

Тауар позициялары бөлігінде ҚХР-мен кедендік статистиканы салыстыру дұрыс болмайды, өйткені ҚХР заңнамасына сәйкес он тауардың бір кодын ең жоғары құны бойынша көрсетуге жол беріледі. Мысалы, бір фурада әр түрлі тауарлар (аяқ киім, киім, кеңсе тауарлары және т.б.) әкелінеді, кедендік ресімдеу кезінде ҚХР экспорттаушысы барлық тауарларды «аяқ киім» деп көрсетеді.

Сонымен қатар, 2021 жылы Қазақстандағы аяқ киім нарығының көлемі 53,1 млн.жұпты құрады (ішкі өндіріс + жалпы импорт - жалпы экспорт).

Статистикаға сәйкес жан басына шаққанда жылына 3 жұп аяқ киім келеді, бұл объективті көрсеткіш.

Банкроттардың борыштарды өтеуі бойынша

Банкроттық – бұл борышты өндіріп алу бойынша барлық шараларды қабылдағаннан кейінгі соңғы қадам.

Банкроттыққа өтініш берген барлық борышкерлерде активтер жоқ, тиісінше, мұндай борыштарды 100% өндіріп алу туралы айту дұрыс емес.

Мүлкі бар борышкерлер бойынша, ол көбінесе өтімсіз және берешекті өтеу үшін жеткіліксіз болып табылады, дегенмен 2021 жылы мүлікті өткізу есебінен кредиторлар алдындағы 13,8 млрд.теңгеге борыштары өтелді.