Date of publication: 26.04.2024 16:33
Date of changing: 26.04.2024 16:37

         Тауарлардың кедендік құнының айқындалуы бюджетке төленетін кедендік төлемдер мен салықтардың мөлшеріне тікелей әсер етеді. Сондықтан кеден органдарының осыған қатысты бақылауы кәсіпкерлер үшін маңызды болып табылады. Бұл тұралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Тарифтық реттеу және құн басқармасының басшысының орынбасары Құралай Асаубаева Комитетте өткен баспасөз конференциясында айтып берді.

          Кедендік декларациялау кезінде кедендік құнды айқындау

          Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құны 2017 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы халықаралық шартқа (ЕАЭО КК) сәйкес айқындалады.

         Тауарлардың кедендік құны: 1) кедендік транзит, 2) кеден қоймасы кедендік рәсімі, 3) жою кедендік рәсімі, 4) мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік рәсімі немесе 5) арнайы кедендік рәсім кедендік рәсіміне орналастырылған кезде айқындалмайды.

         Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құны Қазақстан Республикасының Кедендік кодексіне (ҚР КК) сәйкес айқындалады.

         Тауарлардың кедендік құнын декларант айқындайтынын ерекше атап өткен жөн.

         Тауарлардың кедендік құны және оны айқындауға қатысты мәліметтер анық, сандық түрде айқындалған және құжатпен расталған ақпаратқа негізделуге тиіс.

        Тауарлардың кедендік құнын айқындау рәсімдері жалпыға бірдей болуы тиіс, яғни тауарларды жеткізу көздеріне, оның ішінде тауарлардың  шығарылған жеріне, тауарлардың түріне, мәмілеге қатысушыларға және басқа да факторларға байланысты ерекшеленбеуге тиіс.

       Әкелінетін тауарлардың кедендік құнының негізі мүмкіндігінше ЕАЭО КК-ның 39-бабында айқындалған мәнде осы тауарлармен мәміленің құны болуға тиіс.

        Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын олармен жасалған мәміленің құны бойынша айқындау мүмкін болмаған жағдайда тауарлардың кедендік құны дәйекті қолданатын бірдей (2-әдіс), біртекті (3-әдіс) тауарлармен жасалған мәміленің құны бойынша әдістерге, қосу, шегеру әдістеріне және резервтік әдіске сәйкес айқындалады.

       Бұл ретте бірдей, біртекті тауарлармен мәміле құны бойынша әдістерге сәйкес әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін құндық негізді таңдауды негіздеу мақсатында кеден органы мен декларант арасында консультациялар жүргізілуі мүмкін.

      Кедендік декларациялау кезінде мәлімделген тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органы тауарлардың кедендік құнын айқындау мен мәлімдеудің дұрыстығын тексеруді (тауарлардың кедендік құнын, тауарлардың кедендік құнының құрылымы мен шамасын айқындау әдісін таңдау мен қолдануды, тауарлардың кедендік құны туралы мәліметтерді құжаттамалық растауды) жүзеге асырады.

     2018 жылдан бастап ҚР-сында кедендік декларациялау «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жүзеге асырылады.

     Тауарлардың кедендік құнын бақылау тауарлар шағарылғанға дейін де, шығарылғаннан кейін де жүргізіледі.

     Тәуекелдерді басқару жүйесі тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылау жүргізуді тағайындаған кезде, товарды шығарғанға дейін кеден органының қызметкерлері ЕАЭО КК-нің 325-бабына сәйкес құжаттар мен мәліметтерге және кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындауды қамтамасыз ету сомасы мөлшерінің есебіне сұрау салу жолдайды.

      Сіздердің назарыңызды ЕАЭО кеден заңнамасында тексеру барысында мәлімделген кедендік құны расталған сыртқы экономикалық қызметке адал қатысушылар үшін оңайлату көзделгеніне аударғымыз келеді.

      Егер тауарлар шығарылғанға дейін басталған құжаттар мен мәліметтерді тексеру нәтижелері бойынша тауарлардың мәлімделген кедендік құны расталса, онда мына шарттар бір мезгілде орындалған кезде:

      - әкелінетін тауарлар және бұрын әкелінген тауарлар мәміле шарттары өзгермеген (оның ішінде тауарлардың бағасы мен оларды жеткізу шарттарына қатысты) кезде бір сыртқы экономикалық шарт (келісімшарт) шеңберінде әкелінген бірдей болып табылса;

      - әкелінетін тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде бұрын әкелінген бірдей тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезіндегідей мән-жайлар анықталса;

     - тауарларға арналған декларацияда тауарлардың кедендік құны бұрын расталған тауарларға арналған декларацияның тіркеу нөмірі мәлімделсе;

     - бұрын әкелінген бірдей тауарларды шығару күнінен басталатын мерзім бағаланатын тауарлардың ТД тіркелген күнінен басталатын күнтізбелік 180 күннен аспаса тауарлардың кедендік құнын бақылау жүргізілмейді.