Date of publication: 14.10.2019 12:04
Date of changing: 14.10.2019 12:10

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

 

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

14 қазан 2019 ж.                                                                                                    Нұр-Сұлтан қ.

 

Б.ҚОНЫСБАЕВ КЕДЕНДІК БЕКЕТІНДЕ КӨЛІК ЖОЛАҚТАРЫ 3 ЕСЕГЕ, КӨЛІК ӨТКІЗУ ҚАБІЛЕТІ 5 ЕСЕГЕ ӨСЕДІ

 

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Өңірлік коммуникациялар қызметімен бірлесе жасаған көшпелі баспасөз конференциясы аясында шекаралық кеден бекеттердің аумағын кеңейту, толық қайта техникалық жарақтандыру және өткізу қабілеттілігін ұлғайту жұмыстарын жүргізіп жатқандығы жайлы хабарлады. ҚР Премьер-Министрінің 2016 жылғы 30 сәуірдегі №32-Өкімі аясында Кедендік әкімшілендіруді оңайлату жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыста бірқатар кеден бекеттерінде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап Түркістан облысы Келес ауданындағы транзиттік бағыттағы маңызы зор «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетін қайта құру жұмыстары басталған болатын. Бұл жоба іске қосылған кезде автокөліктердің кіріп-шығу жолақтары 2 ден 6 жолға дейін (3 жолақ кіру, 3 жолақ шығу бағыты) ұлғайып, бақылап-өткізу жұмыстары жеделдетіледі және тауар тасушы автокөліктерінің өту саны 200-ден 1000-ға дейін ұлғаяды. Жоспар бойынша құрылыстың аяқталу мерзімі  2020 жылдың мамыр айы.                

                         

Қазіргі таңда жоспарға сәйкес, қайта құру жұмыстарының 1-ші кезеңі жүруде. Осыған орай, Департамент тарапынан шекаралық кеден бекетіне баратын жолдарда жүк автокөліктердің шоғырлануын болдырмау мақсатында, аталған кеден бекеттен өтетін жүк тасымалдаушыларға облыстың басқа шекаралық кеден бекеттерінен өту туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шекаралық кеден бекеттерге баратын аймақтың маңызы бар жолдарда «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінде құрылыс жүріп жатқаны туралы ақпараттық билбордтар орнатылған.                                 

«Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінде құрылыс жұмыстарының жүруі себебінен Түркістан облысында орналасқан «Атамекен», «Қапланбек», «Қазығұрт» кеден бекеттерінен өтуге болады.                             

Сарыағаш ауданында орналасқан «Жібек жолы» кеден бекетіндегі қазан айының басында басталған әрлеу жұмыстары ай соңында аяқталмақ. Кеден бекетіндегі ғимараттарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.                             

Департаменттің ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде өткізу пунктерінде кезекте тұрған жүк автөкөліктерінің саны туралы ақпарат күнделікті екі рет (таңертенгі және кешкі) хабарланады.

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)