Date of publication: 28.09.2018 14:45
Date of changing: 28.09.2018 14:48

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

«Нұр Жолы» жаңа бақылау-өткізу пункті ашылды. Аталған бақылау-өткізу пунктінің ашылуы Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруына және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға алып келеді

 

Қазақстан мен Қытай шекарасында 2018 жылдың 27 қыркүйегінде "Нұр Жолы" (ҚР)-"Қорғас" (ҚХР) бақылау-өткізу пункті ашылды. Ашылу жиынына Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев, облыс әкімі Амандық Баталов және басқа да мемлекеттік пен жеке құрылымдардың өкілдері қатысты.

Сарапшылар атап өткендей, Шығыс пен Батыс арасында қолайлы географиялық орналасуына байланысты Қазақстанның транзиттік әлеуетті дамытуға бірегей мүмкіндігі бар. Бұл сапалы жолдар мен оларға байланысты жоғары сервис пен шекараларды кесіп өту уақыты қысқарған жағдайда мүмкін болады.

Осыған байланысты, кеден органдарының алдында келесі міндеттер тұр:

- біріншісі - тауарларды шекара арқылы жедел өткізу;

- екіншісі - әлемдік сауда тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Көрсетілген міндеттерге қол жеткізу үшін кедендік тазарту кезінде қазіргі заманғы инфрақұрылым қажет.

Ел тарихында алғаш рет аталған өткізу пункті мемлекеттік-жеке меншік әріптестік моделі бойынша жеке инвестордың қаражатына салынған және Орта Азиядағы ең ірі өткізу пункті болып табылады. Маңыздысы, оның құрылысында озық технологиялар мен инновациялық шешімдер қолданылған. Жобалау барысында қазақстандық сарапшылар ЕАЭО, Түркия, Польша, Финляндия, Мексика және АҚШ елдерінің өткізу пункттерінің инфрақұрылымдық шешімдерінің тәжірибесімен алмасты.

Сонымен қатар, жобалау барысында ЕАЭО-ның нормативтік талаптары, әлемдік тәжірибе мен инфрақұрылымдық шешімдер ескерілді, соның арқасында кеденнен өту уақыты 30 минутты алады.

Ашылу салтанатында сөз алған ҚР Қаржы министрінің орынбасары Қанат Баеділов жаңа өткізу пункті "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" дәлізінің басты қақпасы болып табылатынын, сонымен қатар, "Нұр жолы" ең заманауи техникалық қамтамасыз етуге ие екенін атап өтті.

ҚР ҚМ МКК төрағасы Ардақ Мырзабайұлы Теңгебаев  өз сөзінде «Бүгін Қазақстанның кеден органдары үшін маңызды күн. Біз «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізде орналасқан «Нұр жолы» жаңа автомобильдік өткізу пунктін аштық, ол тек Қазақстанның емес, жалпы Еуразиялық экономикалық аумақтың қақпасы болып табылады», - деп атап өтті.

Жаңа өткізу пунктінің маңыздылығын Алматы облысының әкімі Амандық Баталовта айтып өтті: «Бүгінгі ашылып жатқан өткізу пункті, ең жоғарғы әлемдік стандарттарға сай және күніне екі жақты 2500 көлікке дейін өткізу мүмкіндігімен транзиттік ағымды әлде қандай ұлғайтады. Осындай үлкен сауда саттық дәліздің пайда болуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады және өңірлік экономиканың дамуына серпінін тигізеді», -деп өзінің сөзін қорытындылады.

ҚХР СУАА Үкімет Төрағасы Закир Шохрат осы жобаның екі елдің экономикасына үлкен септігін тигізетінін атап өтті.

Кешеннің орналасу құрылымында бір жұмыс күнінде қозғалыстың екі жағына 2,5 мың көлік құралдары мен 15 мың жеке тұлға өтуі қарастырылған, оның ішінде 2200 бірлік жүк тасымалдау көлігі, 300 бірлік жолаушы көлік транспорты (автобус пен жеңіл автокөліктер). Өткізу пунктінің аумағы екі бөлек аймаққа бөлінеді:

• жүк - жүк көлік құралдары үшін;

• жолаушылар - жеңіл көлік құралдары мен автобустар үшін.

 Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған дәліздер (кіру/шығу), ана мен бала бөлмесі, 250 кв.м. астам күту залы, қоғамдық тамақтану объектілері, Duty free (бажсыз сауда дүкені), санитарлық бөлмелер, CIP және VIP залдары бар.

Тарихта алғаш рет қазақстандық мамандар "АСТАНА-1" кеден органдарының ақпараттық жүйесімен интеграцияланған өткізу пунктінде логистиканы басқарудың автоматты жүйесін қолданған. Автоматты технологиялық шешімді іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында " адами фактор " барынша азайтылды.

"Нұр жолы" кеден бекетінің пайдалануға берілуіне байланысты аталған кеден бекетінің өткізу қабілеті 30 есеге, ал жолаушылар ағыны 18 есеге артады.

"Нұр жолы" кеден бекетінің ашылуы Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруына және Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін арттыруға алып келеді.

 

ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)