Жарияланған күні: 19.01.2021 09:10
Өзгертілген күні: 19.01.2021 09:11

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

 

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар жасасқан

жеке тұлғалардың табыс салығын есептеу туралы

 

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Ю.Тлеумұратовтың жеке табыс салығын есептеу тәртібіне өзгерістер енгізу кезінде салық қызметкерлерінің жіберген қателері туралы сөйлеген сөзіне қатысты Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндірме жасады.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар жасасқан жеке тұлғалар және жұмыскерлер үшін МЗЖ және МӘМС жарналары бойынша шегерімдерді қолдану жөніндегі күшіне енген нормалар қате болып табылмайды. Аталған нормалар 2018 жылдан (МЗЖ бойынша) және 2020 жылдан (МӘМС жарналары бойынша) ретроспективті түрде қолданысқа енеді.

Бұл норма қазіргі уақытта еліміздегі қандай да бір қоғамдық бірлестіктер, қауымдастықтар мүдделерін білдірмейтін жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында енгізілген. Бұдан басқа, компаниялардың едәуір бөлігі өз қызметкерлерін азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарға ауыстырды. Бұл әрекеттері азаматтардың әлеуметтік қорғалмауы мен ертеңгі күніне сенімсіздігін тудырады. Одан басқа, жұмыс берушілер тарапынан осындай қызметкерлер бойынша еңбекақы төлеу қорынан әлеуметтік салықты (9,5%) төлемеу үшін, салық міндеттемелерін оңтайландырғанын  атап айтқан жөн. 

Өз уақытында жеке табыс салығы салынатын табыстан МЗЖ және МӘМС жарналары алынып тасталмаған. Осыған байланысты жеке тұлғалар табыстарының шамамен 11% - ына (МЗЖ-ның 10% - ына және МӘМС-тің 1% - ына) жеке табыс салығы салынды. Яғни, мысалы, табысы 100,0 мың теңге болған жағдайда ЖТС 8,9 мың теңгенің орнына 10,0 мың теңгені құрады ((100,0 – 10,0 – 1,0)*10%). Осы себепті Салық кодексіне өзгерістер енгізілді.

Өз кезегінде, салық төлеуші (салық агенті) қосымша салық есептілігін толтыра отырып, талап қою мерзімі ішінде салық есептілігіне өз еркімен өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы. Бұл ретте салық төлеушінің өтініші бойынша жеке табыс салығынан қалыптасқан артық төленген салық бюджеттен қайтарылады.