Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын, осы Кодекстің 462-бабында көрсетілген тауарларға акциздер салынады.

 

Төлеушілер

      1. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетiн тауарлар шығаратын;

      2) акцизделетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын;

      3) Қазақстан Республикасының аумағында бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын;

      4) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 5) – 7) тармақшаларында көрсетілген және олар бойынша акциз Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұрын төленбеген, Қазақстан Республикасының аумағында тәркіленген, иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетін тауарларды өткiзудi жүзеге асыратын;

      5) осы Кодекстiң 462-бабында көрсетілген және олар бойынша акциз Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұрын төленбеген, акцизделетiн тауарлардың мүліктік массасын өткiзудi жүзеге асыратын;

      6) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды жинауды (жинақтауды) жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар акциз төлеушілер болып табылады.

      2. Кәсіпкерлік қызмет мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан акцизделетін тауарларды импорттайтын жеке тұлғалар да акциз төлеушілер болып табылады.

      Акцизделетін тауарларды кәсіпкерлік қызмет мақсатында импортталатындарға жатқызу өлшемшарттарын уәкілетті орган белгілейді.

      3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi ескерiле отырып, бейрезидент-заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлiмшелерi де акциз төлеушiлер болып табылады.

      4. Осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген тәркіленген, иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетін тауарларды өткізуді, Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын салуды және шығаруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар акциздерді төлеушілер болып табылмайды.