Жарияланған күні: 17.01.2024 17:05
Өзгертілген күні: 17.01.2024 17:10

2023 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды пайдалану туралы келісімге қол қойды.

Осы келісімнің мақсаты мүше-мемлекеттердің аумағында тауарларды тасымалдауды ұйымдастыру кезінде заманауи техникалық және технологиялық шешімдерді қолдану, кедендік және мемлекеттік бақылаудың басқа да түрлерінің қолданылатын шараларын қысқарту, тауарлар жолда болған кездегі әртүрлі мәжбүрлі жағдайларға дер кезінде жауап беру, тауарларды жеткізбеу жағдайларын болдырмау болып табылады.

ЕАЭО аумағында навигациялық пломбаларды пайдалану үшін Еуразиялық экономикалық комиссияның алаңында бес мемлекеттің экономика, көлік, кедендік және салықтық реттеу саласындағы сарапшылары осы мемлекеттердің бизнес өкілдерінің қатысуымен Еуразиялық экономикалық одаққа барлық мүше-мемлекеттердің ұлттық заңнамасының ерекшеліктерін ескере отырып, құқықтық базаны әзірлеу, келісу және қабылдау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттерде ұлттық операторлар анықталды, онда әрбір тасымалдауды нақтылай қадағалау жүзеге асырылатын болады.

Навигациялық пломбаны пайдаланғаны үшін ақы төленетін болады. 

Қазақстан Республикасында навигациялық пломбалардың және қадағалау қызметтерінің тарифтерінің жоғары құнын болдырмау мақсатында мемлекет қадағалаушы оператор ретінде «Ғарыштық техника және технологиялар институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін  анықтады (акцияларының 100%-ы ҚР ҒМРҒЗИ-ге тиесілі), ол әрбір тасымалдауды нақтылай қадағалау бойынша барлық әрекеттерді жүзеге асыратын болады.

Навигациялық пломбаларды қолдану кедендік бақылаудан өтуін жылдамдатады, тауардың жолда болу уақытын қысқартады және тауар иесіне тасымалдауды жүзеге асыру кезінде көлік құралының қозғалысын бақылауға мүмкіндіктер береді.

Қадағалау механизмін қамтитын ұйымдастыру-техникалық шаралар дайындалған соң, навигациялық пломбаларды ілуді бастау жоспарлануда. Іске қосу уақыты қосымша хабарланатын болады.

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Баспасөз қызметі