Жарияланған күні: 14.09.2022 14:39
Өзгертілген күні: 14.09.2022 14:41

Кедендік құнын төмендету мақсатында кәсіпкерлер «киім-кешектің» орнына декларацияда «маталарды» көрсеткен. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

2022 жылдың қыркүйегінде Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Алтынкөл-Жол» кеден бекетінде кеден заңнамасын бұзды деген күдікпен 6 теміржол контейнеріне инспекциялық тексеру кешені арқылы сканерлік әдіспен кедендік тексеріп-қарау жұмысы жүргізілді.

Аталған контейнерлер Қытай Халық Республикасынан ЕАЭО елдерінің біріндегі тауар алушының мекенжайына транзит процедурасы негізінде бара жатқан.

Кедендік тексеріп-қарау барысында аталмыш контейнерлерден ірі партиядағы контрабандалық тауарлар табылған ( тері тон, джинсы, шалбар, күртеше, белдемше, пижама, әртүрлі әйелдер киімі, т.б.). Алайда,  тауардың көліктік-ілеспе құжаттарында кедендік-салықтық төлем құны төмен тауар «мата» көрсетілген.

Алдын-ала жүргізілген есепке сәйкес, жалпы салмағы 137 тоннаға тең декларацияланбаған тауардың  кедендік құны 1 миллиард теңгеден асады.

ҚР Кеден кодексінің 222-бабына сәйкес кеден органдары кедендік транзит бойынша өтіп бара жатқан тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылау барысында заң бұзушылық орын алған жағдайда оны тоқтатып, кедендік тексеріп-қарауды жүргізуге құқылы. Себебі транзиттік декларация заңды күші бар құжат болып есептеледі.

Іс материалдары қылмыстық-процессуалдық шешім қабылдау үшін Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментіне жіберіледі.

Бейнепікір сілтеме бойынша:

https://www.youtube.com/watch?v=BtQgE8WR8ms