Жарияланған күні: 16.03.2022 11:23
Өзгертілген күні: 16.03.2022 11:24

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы Келісім мәтініне қол қою рәсімін өтуде. Келісім күшіне енген соң пломба салынған көліктер бір маршрут бойында ЕАЭО-тың әр елінде бірнеше рет тексерілмейді, ол бизнес үшін қосымша әкімшілік кедергілерді алып тастауға ықпал етеді. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

Осыған дейін, 2021 жылғы 10 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді мақұлдаған болатын.

Осы Келісім бойынша жұмыс 2017 жылдан бастап ЕАЭО елдері сарапшыларының және Еуразиялық экономикалық комиссия қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілді.

Жалпы, Келісім навигациялық пломбаларды қолдана отырып, тауарларды ЕАЭО-ға мүше екі және одан да көп мемлекеттердің аумақтары бойынша өткізу кезінде оларды қадағалау мүмкіндігін көздейді.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшыларының Келісім мәтініне тікелей қол қою рәсімі өтуде. Келісімге барлық елдер қол қойғаннан кейін Еуразиялық экономикалық комиссия Одаққа мүше мемлекеттерге ратификациялауды жүргізуді бастау мүмкіндігі туралы хабарлама жіберетін болады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасында ратификациялау туралы Заңмен бір мезгілде ұлттық заңнаманы Келісім нормаларына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасы пысықталатын болады.

Бұдан басқа, Келісімді іске асыру үшін ЕЭК-тің 28 шешімін әзірлеу талап етіледі, олар Келісім күшіне енгеннен кейін 180 күннен кешіктірілмей қабылдануы тиіс.

Бұл ретте көліктің ерекшелігін ескере отырып, тауарлардың санатына байланысты өтпелі кезеңдер көзделген. Бұл тасымалдаудың әрбір кезеңін қадағалай отырып, навигациялық пломбаларды қолдану процесінің тиімділігін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Бизнес үшін осы Келісімнің артықшылықтары ЕАЭО кеңістігінде өз тауарларының қауіпсіз транзиті мүмкіндігінде, ЕАЭО бақылаушы органдары тарапынан бақылаудың қосымша нысандары мен шараларын алып тастауда болып отыр.

Яғни, егер пломба салынған болса, онда ЕАЭО-ның әрбір мемлекетінде тауарды, ал кейбіреулерінде бір маршрут үшін бірнеше реттен тексерудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайлар шығындарды айтарлықтай төмендетеді және жалпы бизнес үшін қосымша әкімшілік кедергілерді алып тастауға ықпал етеді.

Мемлекет осы Келісімнен халықаралық тасымалдардың айқындығын, «жалған транзитті» және «жалған импортты» жоюды және тиісінше қазынаға ақша түсімдерінің ұлғаюын алады.