Жарияланған күні: 06.02.2015 19:15
Өзгертілген күні: 06.02.2015 19:16

Баспасөз релизі

 

Астаналық кәсіпкерлер экономикалық тексеру қызметінің қызметкерлерімен кездесті

 

05 ақпан күні Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің экономикалық тексерулер қызметі кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

ҚР Президентінің 2014 ж. 6 тамызындағы Жарлығымен Қазақстанда қаржы полициясының органдары қысқартылып, оның қызметі ҚР Қаржы министрлігіне берілді. Өткен жылдың қараша айынан бастап Мемлекеттік кірістер Департаментінің құрамында экономикалық тексеру қызметі жұмыс істей бастады. Департамент құрамына сонымен қатар салық және кеден қызметтері де біріктірілген.

Мемлекеттік органдарды трансформациялаудағы негізгі мақсат – бір ведомствоға қазыналық атқарымды (функцияларды) біріктіру, бизнес шараларын оңтайландыру мен азаматтардың мемлекеттік органдарға сенімін қалыптастыру.

Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары Серік Шаламбаевтың айтуынша, экономикалық тексеру қызметінің мақсаты – мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекет, қоғам және кәсіпкерлік субьектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау.

– Экономикалық тексеру қызметі үш бағыт бойынша жұмыс істейді:

1. Жедел іздестіру қызметі;

2. Әкімшілік тәжірибе;

3. Қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі дайындық.

Демек, экономикалық тексеру қызметі – әкімшілік жауапкершілікке тартудан бастап сот проццесіне дейінгі тексеру қызметтерінің уәкілеттілігін жүзеге асыратын орган, – деді дөңгелек үстелде сөз алған С.Шаламбаев.

 

Экономикалық тексеру қызметінің қызметкерлері көлеңкелі бизнеске қарсы әрекеттер туралы баяндады. Мемлекеттік кірістер Комитетінің құрамына енген аталмыш органның қызметінің тиімділігі көлеңкелі экономикаға тосқауыл болып, ел бюджетіне түсетін қаржы көлемін арттырумен өлшенеді.

Экономикалық тексеру қызметі басқармасының бөлім басшысы Асан Әлімов Елбасының көлеңкелі экономикаға қарсы бағытталған 2014-2015 ж.ж. кешенді жоспарын бекіткені туралы еске салды.

  •  Кешенді жоспар экономиканың кейбір субъектілерінің көлеңкеден шығуына мүмкіндік беретін экономикалық өсімнің институционалдық негіздерінің құрылуын қамтыған. Сонымен қатар Елбасы бекіткен жоспар құқық қорғау органдары көлеңкелі экономикамен күрес тақырыбына арналған іс-шараларға қатысады. Экономикалық тексеру қызметі құқықтық механизм мен ақпараттық мүмкіндіктерді пайдаланып, криминалды жағдайларға жол бермеудің жолдарын жан-жақты қарастырады, – деді Асан Әлімов.

Құқық қорғау органы қызметкерлері жалған кәсіпорын ашудың соңы немен аяқталатынын да кәсіпкерлерге түсіндірді. Құқықтық тексеру қызметі мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылдың 6 айында бюджет алдында 118,6 млрд. теңге қарызы бар 2450 кәсіпорын тарату процедурасынан өткен. Бұл ақпаратқа түсініктеме берген А.Әлімов, кәсіпкердердің кәсіпорын банкротқа ұшыраса, салық төлемдері мен қаржылық жауапкершіліктен құтылуға болады деп түсіну – қате пікір екенін айтты.

Республикалық «бірыңғай кеңес беру күні» акциясы аясында 2015  жылдың 26 ақпанынан бастап әр бейсенбі сағат 09.00 мен 18.00 аралығында кәсіпкерлердің Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті қызметкерлерінен кеңес алуға мүмкіндіктері бар.

 

Астана қаласы бойынша

 Мемлекеттік кірістер департаменті