Жарияланған күні: 19.01.2024 13:09
Өзгертілген күні: 19.01.2024 13:12

      Елімізде заңды тұлғаларды және дара кәсіпкерлерді банкроттау және оңалту институты бірнеше ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Өзінің қолданылуы кезеңінде бұл институт біршама өзгерістерге ұшырады: егер бұл институттың құрылуы басында процессуалдық шешімдерді мемлекеттік орган қабылдаған болса, кейіннен мұндай өкілеттіктер кредиторларға берілді; банкроттық рәсімі кезінде бітімгершілік келісімін жасасу мүмкіндігі қарастырылды; қарызды қайта құрылымдау рәсімі енгізілді және т.б.

      Бір нәрсе өзгеріссіз қала берді – рәсімді арнайы білімі мен дағдылары бар маман жүргізді.

      «Оңалту және банкроттық туралы» Заңға сәйкес мұндай маман «Әкімші» деп аталады.

       Әкімші осы саладағы құқықтық қатынастардың негізгі қатысушысы болып табылады. Заңнама әкімшіге кең ауқымды өкілеттіктер мен жауапкершіліктерді жүктейді.

        Алайда, бұл кәсіптің дамуы белгілі бір шеңберде ғана жүзеге асырылып келді. Әкімшілер біліктіліктерін арттырып, заң шығару жұмыстарына белсене араласты, өзін-өзі реттейтін ұйымдар құрды. Бұл ретте оңалту және банкроттық саласындағы әкімші мамандығы Кәсіптер тізілімінде және кәсіптер сыныптауышта көрсетілмеген болатын.

       2023 жылғы желтоқсанда «Оңалту және банкроттық саласындағы әкімші» мамандығы Кәсіптер тізіліміне және Ұлттық кәсіптер сыныптауышқа енгізілді.

       Сонымен қатар, Оңалту және банкроттық саласындағы әкімшінің кәсіптік стандарты бекітілді. Бұл құжат осы қызметке қойылатын бірыңғай талаптарды көрсетеді.

       Бұл, оңалту және банкроттық рәсімінің негізгі қатысушысын, демек, жалпы банкроттық институтын дамытудағы маңызды қадам болып табылады.

       Оңалту және банкроттық саласын жетілдіру жұмыстары мұнымен аяқталмады. Ендігі міндет – осы саладағы өзін-өзі реттеуді дамыту және қызмет ақы бойынша мәселелерді шешу.

       Мемлекеттік кірістер комитеті, оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті орган ретінде, осы бағытта жоспарланған шараларды іске асыру әкімшілердің бәсекеге қабілетті, жоғары білікті құрамын қалыптастыруға мүмкіндік береді деп есептейді.