Жарияланған күні: 26.11.2018 17:49
Өзгертілген күні: 26.11.2018 18:51

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

Баспасөз релизі

 

«Шұбаркөл көмір» АҚ-да (Қарағанды қаласы) «Виртуалды қойма»  модулінде электрондық шот-фактураларды шығару бойынша сынақ тестілеу өткізілді

 

«Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде шот-фактураны электронды нысанда жазып беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 270 бұйрығының 4-тармағына сәйкес 2018 жылғы 1 сәуірден бастап «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінің «Виртуалды қойма» модулі (бұдан әрі - ВҚ) пайдалануға берілді.

Бастапқы кезеңде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы шеңберінде ВҚ модулі автокөлік құралдарын сататын салық төлеушілерге қолданылатын, яғни оларға әкелу үшін кедендік баждарының төмендетілген ставкалары қолданылатын.

Сонымен бірге, әлеуметтік маңызды тауарларға бағаның қалыптасуын бақылау мақсатында 2018 жылғы 1 желтоқсан – 2019 жылғы 31 мамыр кезеңіне ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі - Комитет) Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, Астана қаласының көмірді сататын салық төлеушілеріне қатысты ВҚ модулінің пилотын жоспарлап отыр.

Дайындық іс-шараларының шеңберінде ағымдағы жылғы 17 қазанда Комитет ВҚ модулін енгізу мәселесі бойынша салық төлеушілердің қатысуымен кеңес өткізді, онда «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның ВҚ модулін қолдана отырып, электрондық шот-фактураларды ерікті түрде шығаруы бөлігіндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сондай-ақ, «Шұбаркөл көмір» АҚ өндіріп алатын көмірді сатуының жалпы тізбегін қамту мақсатында, ағымдағы жылғы 22-23 қазан кезеңінде, Алматы қаласында Комитет «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның контрагенттері болып табылатын трейдерлермен ВҚ модулімен жұмыс жасау жөніндегі семинар өткізді.

2018 жылғы 16 қарашада «Шұбаркөл көмір» АҚ оқу орталығының базасында (Қарағанды қаласы) ВҚ модулінде ЭШФ шығаруға қатысты сынақ тестілеу өткізілді. Аталған шараға Комитет өкілдері қатысты:

Құдабаев Шафқат Серікұлы – Мамандандырылған басқарманың басшысы;

Досмағамбетов Ғарифолла Шайзадаұлы – Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің Толассыз мониторинг басқармасының басшысы;

Аюпов Ербол Елубайұлы – Мамандандырылған басқарманың бас сарапшысы;

Хусаинов Данияр Маратұлы – Мамандандырылған басқарманың сарапшысы;

Сол күні Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде көмірді өндіріп алу мен сатуды жүзеге асыратын Қарағанды облысы трейдерлерінің, жер қойнауын пайдаланушыларының қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді, онда ВҚ модуліндегі жұмыс, электрондық шот-фактураларды шығару бойынша мәселелер қаралды.

Пилоттық жоба аяқталғаннан кейін 2019 жылдың ортасынан бастап ВҚ модуліндегі жұмысқа көмірді өндіру мен сатуды жүзеге асыратын барлық салық төлеушілерді тарту көзделеді.

 

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)